Қызылордада үш жеке емхана жұмысы тоқтатылды
ҚЫЗЫЛОРДА. 17 ақпан. Қызылордада мемлекеттік лицензиясыз қызмет көрсетіп келген 3 жеке медициналық ұйым қызметі сот тәртібімен тоқтатылды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Мұның жайын Қызылорда облысының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары жеткізді. Департамент облыстық және қалалық медициналық ұйымдар көрсететін қызметтердің сапасын бақылау және бағалау қызметін қоса атқарады.
2019 жылы медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша департаментке 138 өтініш түскен. Оның 68-і қаралып, 87 нысанға тексеру жүргізілген. Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде өтініштердің 51 пайызында сапасыз медициналық қызмет көрсету деректері анықталған.
«Келіп түскен өтініштердің басым бөлігі Қазалы және Жаңақорған аудандық ауруханаларына қатысты болып отыр. Атап айтқанда, пациенттің жай-күйін жете бағаламау, кеш диагностикалау, науқасты ауруханаға кеш жатқызу, диагностика мен емдеу хаттамаларының сақталмауы, жоғары деңгейдегі стационарға дұрыс тасымалдамау сияқты кемшіліктердің орын алғандығы айғақталды. 2019 жылы жүргізілген тексерулердің нәтижесінде департамент әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 27 хаттама толтырып, айыппұл салды. Медицина қызметкерлерінің іс-әрекетін құқықтық бағалау және процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына 30 материал жіберілді. Нәтижесінде лицензиясыз жұмыс жасап келген 3 жеке медициналық ұйым қызметі сот тәртібімен тоқтатылды», – деп мәлімдеді Қызылорда облысының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Айман Жанахаева.
Бұдан бұрын Қызылордада мектеп асханаларын тексеруде бірқатар кемшілік анықталған еді.