Қырымды атқылау жайын украиндардың өздері шешеді
ВАШИНГТОН. 4 ақпан. АҚШ Украинаға көмектің жаңа пакеті шеңберінде 150 шақырымға дейін жететін GLSDB снарядын беретін болып шешті. Бұл туралы «Европейская правда» хабарлады.
Пентагон өкілі, бригадалық генерал Пэт Райдер Вашингтонда берген брифингінде осылай деді.
Вашингтондағылар Украинаға Батыс беріп отырған алысқа атылатын оқ-дәрілердің Қырымдағы нысандарға шабуыл жасауға қолданылуына тыйым салмайды.
«Құрама Штаттар билігі сапалы әскери көмек ретінде украин тарапына беріліп отырған алысқа атылатын снарядтарды қайда және қалай қолдану мүмкіндігін қарастыру жайын Киевтің өзіне қалдырады», – деді қорғаныс ведомствосының баспасөз хатшысы Пэт Райдер.
Бұдан шығатын қорытынды: Вашингтон қажет болған жағдайларда украин әскерилерінің аталып отырған қару-жарақпен РФ армиясының түбектегі позицияларын атқылауларына қарсы емес.
Бүгін сондай-ақ АҚШ-тың Украинаға 2,2 млрд долларды құрайтын кезекті әскери көмек беретіні белгілі болды. Оған HIMARS қондырғысының алысқа атылатын снарядтары, артиллериялық оқ-дәрілер, миналар, танкіге қарсы Javelin кешені, HAWK зенит-ракета қондырғысы және басқалар кіреді.
Еске сала кетейік, Украина президенті Володимир Зеленьский бұдан бұрын алысқа атылатын қару-жарақтардың келуі жеделдеген жағдайда Украина Қарулы күштерінің Бахмутты ұстап тұрып қана қалмай, сонымен бірге Донецк және Луганск облыстарының 2014 жылы Ресей басып алған территорияларын азат етуді бастап кететінін мәлімдеген болатын.