Ресей бұрын-соңды болмаған қаржы дағдарысына ұшырағалы тұр
МӘСКЕУ. 30 қаңтар. Биылғы жылы Путиннің бар ақшасы таусылады, РФ бұған дейін басынан өтіп көрмеген қаржы дағдарысының қамытын киеді. Бұл туралы «Диалог.Ua» хабарлады.
Ресейлік тарихшы және саясаткер Дмитрий Чернышевский диктатор Путин режимінің Украинаға қарсы ұзаққа созылатын соғысты жүргізуге ақшасы жетпейді, оның қоры көп ұзамай, биылғы жылдың өзінде-ақ түгесіледі деп есептейді.
«Кез келген соғыс орасан зор қаржыны керек етеді. Байырқалай келгенде, Ресейде қазір ондай топан ақша жоқ, ол жақында таусылады», – дейді ол.
Дмитрий Чернышевский өзінің YouTube-тағы видеоблогында Ресей қаржы министрлігінің 2022 жылғы қорытындыларына талдау жасай келіп, осындай тұжырымға тоқталды. Ол бюджетте орасан зор «тесік» бар екеніне жан-жақты көз жеткізген. Бұл кемшіннің көлемі бұған дейін сарапшылар айтып жүргеннен есе есе көп – 3,3 трлн рубль болып шықты. Бюджеттің тапшылығы 2023 жылы бұдан әлдеқайда жоғары болғалы тұр.
Мәселе мынада, Ресейдің биылғы жылғы бюджеті мұнайдың баррелі бағасы $78 болады деген болжам мөлшерімен құрастырылған. Бірақ қазір мұндай баға оған маңайлап та бармайды. Ресей мұнайы санкциялар салдарынан қатты арзандап кетті, сондықтан бюджеттің тапшылығынан енді құтылу мүмкін емес.
Ресей бюджеті сүйеніп келген энергетикадан келетін ақша да бұдан әрі құлдырай бермек, ал соғыстың шығыны алдағы уақытта күн санап өскен үстіне өсе түседі.
«Ұлттық әл-ауқат қорында небәрі 10 трлн рубль қалыпты… Мұнайдың баррелінің бағасы қазіргідей $50 болып тұрғанда, оның бәрі бюджеттегі тапшылықты жоюға кетеді. Олай болса, биыл Ресей ұлттық қордан түгел айырылуы әбден мүмкін», – дейді ресейлік тарихшы.
Ол дағдарыс биылғы жылдың екінші жартысында басталып кетеді деп есептейді. Сол кезде халық бүлігінің бұрқ етіп көтерілуі де кәдік.
«Ресей соғысқа қаражат жетіспеушілігінен дағдарыс ұйығына батады. Бұдан шығатын бір ғана жол бар, ол – соғыстан басқа жақтардың бәрінің шығыны үшін жұмсалатын ақшаны қысқарту. Мемлекет осы тұста «бүгін сен өл, ертең мен өлемін» деген қағидатты ұстанады… Бірінші кезекте зейнеткерлерден, мұғалімдерден, дәрігерлерден, бюджет қызметкерлерінен, көріктендіру жобаларынан ақшалар қысқартылады. Мұның бәрі қазір-ақ басталып кетті. Осылар бұқара халықтың тұрмыстарын күрт төмендетпей қоймайды. Ешкім, әрине, зейнетақы мен жалақыны алып тастамайды. Ақша басып шығаратын станок іске қосылады, ақшаны шұғыл манипуляция жасау қолға алынады… Оыдан келіп нақты зейнетақы мен жалақының әлеуеті жедел төмендей түседі», – деді Чернышевский.
Қазір Ресей Орталық банкінің төрайымы Эльвира Насибуллина тағы статистиканың бір бөлігін жұртқа жариялы етуді биліктен қатты сұрап отыр. Ол өткен жылғы көктемнен бері құпия болып келіп еді.