Иранға бүгін тағы әуеден жойқын шабуылдар жасалды
ТЕГЕРАН. 30 қаңтар. Иран бүгін түнде тағы да әуеден берілген дрондар шабуылдарының астында қалды. Бұл туралы «Диалог. Ua» хабарлады.
Арада бар болғаны бір күн өткеннен кейін Иран еліне тағы да әуеден шабуыл жасалды. Ұшқышсыз ұшақтар шабуылдарынан соң Ислам революциясы күзетшілері корпусының (ИРКК) жүк көліктер колоннасы мен штаб-пәтері отқа оранды.
«Қаңтардың 30-на қараған түні тағы жарылыстар даусы естілді. Алдын ала мәлімет бойынша, белгісіз ұшақтар Ирак пен Сирияның шекарасындағы Әбу-Камал қаласында ИРКК-тің алты машинасына соққы берген.
Мұндай шабуыл бұдан бір күн алдын түнде де жасалған еді.
Ел билігі бұл шабуылдардың нәтижесінде зардап шеккен бірде-бір солдаттың жоқ екенін баяндап үлгерді.
Журналист Гурбакши Сингх Чахала қауіпсіздік комитетінің дерегіне сүйеніп, Twitter-де сағат 22:15-те беспилотниктің үш рет соққы бергенін жазды. Алғашқысы ескерту ретінде берілген, қалған екеуі азық-түлік алып келе жатқан трейлерлерге бағытталған. Бұдан бөлек, Ислам революциясы күзетшілері корпусының штаб-пәтерінде де жарылыс болған. Журналист мұның Махабад деген қалада орын алғанын атап көрсеткен.
Еске сала кетейік, 29 қаңтарға қараған түні Иранда әскери зауыттар мен қоймалар осындай тұтқиылдан жасалған шабуылдар салдарынан отқа оранған болатын. Бұл зауыттардың бәрі де парсы елінің қару-жарақ шығаратын, соның ішінде дрон өндіретін кәсіпорындары болып шықты. Ресей армиясы осы шахед-камикадзелерді Украинамен соғыста емін-еркін пайдаланып келеді.
Бұқаралық ақпарат құралдары шабуылдардың артында АҚШ пен Израиль тұрғанын жазып жатыр. Олар Ресейге дрон беріп отырған Иранға осылай ескерту жасаған сияқты. Алайда Пентагон бүгін бұл жарылыстарға өздерінің ешқандай қатыстары жоқ екенін мәлімдеді. Ал Израиль жағы әзірге үнсіз.
Иран билігі бұл шабуылдардан кейін стратегиялық маңызды нысандарының айтарлықтай зардап шеккендерін мойындамай отыр.
Халықаралық шолушылар осы екі күнде де Иран әуе шабуылдарына қарсы күштердің батыл шабуыл жасаған дрондарды қайтаруға қабілетсіздік танытқанын, бұлардың шығарған ұшқышсыз ұшақтарынан Израиль дрондарының әлдеқайда мықты екені осы тұста көрініп қалғанын жазып жатыр.