Украин әскерлері өткен тәулікте 600-ден аса жауды жер құштырды
КИЕВ. 15 қаңтар. Украина армиясы өткен тәулікте ресейлік 630 басқыншыны жаһаннамға аттандырып, 10 жауынгерлік бронды машинаны жойып жіберді. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Бас штабтың мәліметі бойынша, дұшпан батальондарының бірінде небәрі 30 жауынгер мен 10 танк қана қалды. «РФ армиясы 26-шы танк полкы танк батальондарының бірінде бар-жоғы 10 «Т-80БВ» танкісі мен 30 жауынгер қалды», – делінген хабарламада.
Украина Қарулы күштерінің Бас штабы сондай-ақ Ресейдің «Вагнер» жеке әскери компаниясы содырларының төрттен бірі өткен түнде жойылып кеткенін айтып жатыр.
Украина Қарулы күштері тәулікте жаудың 14 елді мекен жанындағы шабуылдарына тойтарыс берді.
Оккупанттардың Днепр қаласына соққысы бәрінен күштірек болды. Олар азаматтық инфрақұрылымдарды нысанаға алды. Нәтижесінде қаланың 21 бейбіт тұрғыны оққа ұшты, 60-қа жуық адам әртүрлі жарақат алды.
«Өткен тәулікте дұшпан бізге 6 авиациялық және 57 ракета соққыларын беріп, 69 мәрте азаматтық инфрақұрылымдарды реактивті жүйелерден атқылады», – делінген хабарламада.
Жау Украинаның астанасы мен басқа да елді мекендеріне ракетадан соққы беру үшін С-300/С-400 зенитті ракеталарын қолданды. Сондай-ақ әуе және теңіз базаларынан қолдан басқарылатын, жоғары дәлдікті болып саналатын 41 қанатты ракета жіберді. Украиндар олардың 26-сын атып түсірді.
Ал майдан даласындағы ең басты нүкте болып тұрған Донецк облысындағы Соледар қалашығы үшін соғыс кешелі бері 4 бағытта жүріп жатыр. Негізгі ұрыс қимылдары Бахмут бағытын алып тұрғанымен, Лиман, Авдеевка және Новопавловка бағыттарында да жан алып, жан берісетін шайқастар өтуде.
Бас штабтың мәліметіне сәйкес, РФ армиясы 24.02.22-ден 15.01.23-ке дейін шамамен мұншама шығынға ұшыраған:
жеке құрам – 115 290 адам (өлідей);
танктер – 3 106;
соғыс бронды машиналары – 6 183;
артиллериялық жүйе – 2 094;
РСЗО – 437;
ПВО құралы – 2019;
ұшақтар – 286;
тікұшақтар – 276;
дрондар – 1 872;
қанатты ракеталар – 749;
корабльдер / катерлер – 17;
автомобильдер мен автоцистерналар – 4 846;
арнайы техникалар – 187.
Мәліметтер әлі толықтырылып жатыр.