Депутаттық өкілеттігі тоқтатылған Лукин қайта сенатор болып сайланды
АСТАНА. 15 қаңтар. Астанада шығып қалған Сенат депутатының орнына өткен сайлауда өзінің өкілеттігі тоқтатылған Андрей Лукин қайта депутат болып сайланды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
«Орталық сайлау комиссиясы Астана қаласынан шығып қалған ҚР Парламенті Сенаты депутатының орнына сайлауда дауыс берудің алдын ала нәтижесін жариялады», – делінген хабарламада.
Астана қаласының сайлау комиссиясы ұсынған алдын ала деректерге сәйкес, таңдаушылардың жалпы саны – 31. Бірақ олардың 29-ы ғана дауыс беруге қатысқан.
«Таңдаушылардың дауыстары былайша бөлінді: Зейнұлқабден Табиғат – 6, Сайранбек Әбілқайыр – 4, Андрей Лукин – 19», – делінген ОСК хабарламасында.
Осылайша, дауыс берудің алдын ала нәтижесіне сәйкес, кандидат Андрей Лукин ең көп, 65,5% дауыс жинады
Кеше Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Андрей Иванович Лукиннің өкілеттігі тоқтатылған болатын.
Енді ол 2022 жылғы 13 қазанда өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған Ақылбек Күрішбаевтың орнына сайланып отыр.
Еске сала кетейік, А. Күрішбаев кезінде басқа жұмысқа ауысуына байланысты сенаторлықтан кеткен.
Андрей Лукин 1961 жылы туған. Целиноград инженер-құрылыс институтын құрылыс инженері мамандығы бойынша бітірген. Бұдан кейін Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін заңгер-құқықтанушы бойынша тәмамдаған.
Лукин мұның алдында Президенттің 2019 жылғы тамыздағы жарлығымен Парламент сенатының депутаты болып тағайындалған еді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астана қаласынан Сенат депутаттығына үміткер болған 3 кандидат арасынан Сенат төрағасының кеңесшісі Бибігүл Жексенбай көп дауыс жинады.