Украина әскерлері Запорожье жерінде жау комендатурасын талқандады
КИЕВ. 4 қаңтар. Украина Қарулы күштері Запорожье облысының Васильевка елді мекенінде оккупанттар комендатурасының астаң-кестеңін шығарды. Бұл туралы Obozrevatel хабарлады.
Украин әскерлері Запорожье облысының Ресей армиясы басып алған бөлігінде оккупанттарға күшті соққы берген. Олар атқылаған снарядтар уақытша жау қолында тұрған Васильевка елді мекенінде орналасқан әскери комендатураға дәл тиген. Ғимаратта сол кезде ресейлік басқыншылардың қалың шоғыры жиналып қалған екен.
Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқан оккупанттар саны аз емес.
«Запорожье облысының уақытша басып алынған Васильевка селосындағы комендатураға тығыз орналасқан орктарға сәлем жолдаймыз. Өзіміз үшін жағымды жаңалықтар күтеміз, бірақ ондағы жаралылардың ыңырсыған дауыстарын естіп те отырмыз, өлгендер үшін дайындалған пакеттерді де көріп жатырмыз», – деп баяндады Украина Қарулы күштері шебінен.
Васильевкадағы комендатураға келген ресейлік пропагандистер артынан мұны растады. Олар «Мы вместе с Россией» қозғалысының басшысы Владимир Роговтың сөзіне сілтеме жасай отырып, қаза тапқандар мен жараланғандар бар екенін айтты.
Еске сала кетейік, бұдан бір күн бұрын кешке Луганск облысындағы Сватово қаласында да осындай «бавовна» орын алып еді. Украин жауынгерлері оккупанттардың екі аптаға жуық уақыттан бері тасып жеткізген снарядтарын бір мезгілде түгел жарып жіберді.
Бұдан бөлек, украин әскерлері Херсон облысының Правые Саги селосында да тап осындай «бавовна» жасады. Ал Запорожьенің Пологи селосында оккупанттарға арнап, «дискотека» ұйымдастырып жіберді, яғни дүркін-дүркін снарядпен атқылап, аспанға отшашу әуелетті.
Ескерте кетейік, украин тіліндегі «бавовна» сөзі біздіңше «мақта» деген мағынаны білдіреді. Мұны украиндар өздері атқылап, ұйымдастырған жарылысты басқыншылар мойындамай, оны жауынгерлер «темекіні абайламай шегуінен тұтанды» деген уәж айта бергесін, әжуалап осылай атайтын болған.