Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі министрді жаңадан тағайындады

АСТАНА. 4 қаңтар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін екі министрді қызметтерінен алып, орындарына жаңа тұлғаларды тағайындады. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Алдымен Экология, геология және табиғат ресурстары министрі Серікқали Бірекешов қызметінен босатылып, оның орнына Зүлфия Сүлейменова тағайындалды.

Серікқали Бірекешов бұл қызметті 2021 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келе жатыр еді.

Зүлфия Сүлейменова 2021 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың 14 наурызына дейін Мәжіліс депутаты болды, ал 14 наурызда аталған министрлікке министрдің орынбасары болып келді.

Келесі кезекте Оқу-ағарту министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетов қызметінен босатылып, оның орнына Ғани Бектайұлы Бейсембаев министр болып тағайындалды. Бұған дейін, 2022 жылдың тамызынан Оқу-ағарту вице-министрі болды, 2020 жылдан сол уақытқа дейін Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясын басқарды.

Асхат Аймағамбетов 2019 жылдың 19 маусымынан бері Білім және ғылым министрі болып келді, ал 2022 жылдың маусымында министрлік екіге бөлінгеннен кейін Оқу-ағарту министрлігінің басшысы болып қалды.

Мемлекет басшысының жарлығымен Ғалымжан Тельманұлы Қойшыбаев Премьер-министрдің орынбасары – Үкімет аппаратының жетекшісі болып тағайындалды. Ол 2019 жылғы 18 қыркүйектен бері Премьер-министр кеңсесінің басшысы қызметін атқарды.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button