Макеевкадағы жағдай Кремльде тереңінен талқыланып жатыр
МӘСКЕУ. 3 қаңтар. Донецк облысының Макеевка қаласындағы казармада жүздеген орыс солдатының жойылып кетуінің мәселесі Кремльде енді талқыға түсті. Бұл туралы «Донпресс» хабарлады.
«Украина Қарулы күштерінің Донецк облысының басқыншылар басып алған Макеевка қаласындағы «нысана» бойынша берген соққысы Путиннің айналасында енді ғана алабөтен талас-тартысты туғызып жатыр», – делінген «Генерал СВР» телеграм-каналында.
Бас штаб президентке бұл «инцидент» туралы арада сегіз сағат өткеннен кейін ғана баяндалған. Әуелгіде өз көсемдерінің мерекелік көңіл күйін бұзғылары келмеген, соңынан оның өзі дәрі ішіп, ұйықтап қалған, медиктер оны мазаламауды сұраған.
Әскерилердің бірінші баяндауларында соққының салдарынан қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткендер саны 88 адам деп көрсетілген. Ал қауіпсіздік кеңесі желісі бойынша «кемінде 257 адамның қаза тапқаны және жоғалып кеткені» жеткізілген.
Соңғы цифр Путиннің зәресін ұшырып, ол 1 қаңтар күні дереу күштік және әскери блок басшылары өкілдерімен жиын өткізген. Кеңес кезінде бас штаб шығынды 105 адам деп көрсетсе, Патрушев (қауіпсіздік кеңесі) кемінде 290 адамның опат болғанын айтқан.
Осыдан кейін Путин әскери блок басшылығына болған оқиға жөнінде ұңғыл-шұңғылына дейін баяндайтын есеп әзірлеуді және шығынның нақты көлемін жасырмай айтуды тапсырған.
Кеше Украина Қарулы күштерінің Макеевкаға берген соққысы жайында бірнеше баяндама президентке тапсырылған. Оларды қорғаныс министрлігі, бас штаб, ФСБ, төтенше жағдайлар министрлігі, денсаулық сақтау министрлігі, президент әкімшілігі, тергеу комитеті және қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев дайындаған. Бұлардың әрбірінде әртүрлі цифрлар атап көрсетілген.
Қорытындыда Путин шындыққа мейлінше жақыны ретінде қауіпсіздік кеңесінің версиясын негізге алды. Ал Патрушевтің баяндамасында Украина Қарулы күштерінің Макеевкадағы базаға берген соққысынан 312 адамның қаза тапқаны немесе хабар-ошарсыз кеткені, тағы 157 адамның жарақат алып қалғаны баяндалған.