Адамзаттың теңдессіз футболшысы Пеле өмірден өтті
САН-ПАУЛУ. 30 желтоқсан. Футболдан әлемнің үш дүркін чемпионы, Бразилия құрамасының бұрынғы даңқты шабуылшысы Пеле ұзаққа созылған науқастан қайтыс болды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Адамзаттың теңдессіз футболшысы Пеле он жылға жуық уақыттан бері тоқ ішектің обыр ауруымен ауырды. Бірнеше рет отаға да түсті. Ол биылғы қазан айының 23-і күні 82 жасқа толып еді.
Пеле (шын аты-жөні – Эдсон Араантис ду Насимеенту) 1940 жылы Бразилияның Минам-Жерайс штатындағы Трес-Корасойнс қаласында туған. Ол өзінің бүкіл футболшылық мансабын Сан-Паулу штатындағы Сантос қаласының «Сантос» командасында өткізді. Мұндағы футболшылық мансабын аяқтаған соң АҚШ-тың «Космос» Нью-Йорк клубында біршама жылдар ойнады.
Пеле Бразилия құрамасы сапында 92 матч өткізіп, 77 гол соқты. Ол – футболдан әлемнің үш дүркін чемпионаты (1958, 1962, 1970) атанған жалғыз ойыншы. Жалпы, төрт әлем чемпионатына қатысты (төртіншісі – 1966). Бірінші рет алтын жүлдегер атанған кезде, 1958 жылы оның жасы 17-де еді. Мұндай жаста әлем чемпионатына қатысқан футболшы мұнан кейін де болған жоқ. Финалдық матчта алаң иелері – Швеция құрамасының қақпасына екі гол соғып, қорытынды есептің 5:2 болып аяқталуына үлес қосқаны үшін командалас ағалары оны иықтарына мінгізіп, алаңнан алып шықты.
Пеле ФИФА комиссиясының шешімі бойынша XX ғасырдың ең үздік футболшысы атанды. Оны жұрт «Футбол королі» деп те атаушы еді. Халықаралық Олимпиялық комитеттің версиясы бойынша XX ғасырдың ең үздік спортшысы болып та танылды. Сонымен қатар адамзат баласының ең танымал жүздігі құрамына кірді.
Бүгін Пеле отбасының мүшелері халыққа арнап үндеу жариялады. «Бүгін өмірден тыныш өткен король Пеленің жолы шабыт пен сүйіспеншілікке толы болды. Эдсон өзінің өмір жолында әлемді спорттағы данышпандығымен қайран қалдырды, соғыстарды тоқтатты, бүкіл жер жүзінде әлеуметтік жұмыстар жүргізді, біздің бәрімізді аурудан жазатын дәрі – махаббат екенін ұғындырып өтті. Оның бүгінгі жолдауы болашақ ұрпаққа өсиет болып қалады. Махаббат, махаббат және махаббат», – делінген онда.
«Сантос» футбол клубы Пеленің денесі дүйсенбі, 2 қаңтар күні ауруханадан шығарылып, «Вила Белмиро» стадионына апарылатынын хабарлады. Оның мәйіті салынған табыт алаңның ортасына қойылады. Шара жергілікті уақытпен сағат 10-да басталады. Соңынан қаралы шеру Сантос қаласының көшелерімен алып жүріледі. Сосын 17 қабатты үйден тұратын Кеңістік мемориалды мазаратына апарып жерленеді. Оған тек отбасы мүшелері ғана қатысады.
Біз кезінде Пеленің өмір жолына кеңестік белгілі халықаралық журналист Игорь Фесуненконың 1970 жылы Мәскеудегі «Физкультура и спорт» баспасынан 100 мың дана таралыммен жарық көрген «Пеле, Гарринча, футбол» деген ғажайып кітабы арқылы тереңірек танысқан едік.
Қош бол, Футбол королі!
Адамзат баласы барда оның есімі ешқашан ұмытылмайды.