«ШАЛ, КЕТТІҢ» АҚЫРЫ…
Қазақтың басына ХХІ ғасырда келген «Қаңтар оқиғасы» атанған қасірет туралы төменде өз пайымымды жеткізіп отырмын.
«Абай жолында» ұлы Мұхаң ағайынымен алысып жүрген Құнанбайға қаратып, Алшынбайдың аузына мынадай сөз салады: «Мен осы қыбырдың бәрінен көз алмай, көлденеңнен бағып отырған кісімін ғой… «Тоғызқұмалақты ойнаушыдан да көлденең көргіш келеді деуші еді біздің би», дей келіп, екі туысты татуластырудың тура жолын айтып береді. Сол айтпақшы, «Қаңтар оқиғасын» алыстан бақылап жатсақ та, біз оның себебі мен салдарын барлық деректерді салыстырып отырып, сезіп отырмыз…
Бәрі «шал, кеттен» басталды. 30 жыл бойы елді басқарып, қанша жесе де, жақындарына жегізсе де, сыбайластықты меңдетсе де, «Қазақстанды әлемге танытып, мемлекет қылған едім, енді төрімнен көрім жақын қалғанда итше қуалағанды көргенім болғаны ма» деген ой шалды көп қинап, күйзелткен болуы хақ.
Барлық әлеуетті күштерді уысынан шығармай отырса да, Президент Қ.Тоқаев ақырын-ақырын өзінікін істеп жатты. Әсіресе, кадрлық саясатта оның танымаған, көрмеген, тіпті білсе де ұнатпаған адамдарын көтеріп жатты. Басында біраз қарсылық көрсетіп көрді, бірақ әрбіріне қайдан жүгіре берсін, жанкүйер біреулер болмаса басқасына сұрауды біртіндеп қойды. Саясат пен экономикадағы, әлеуметтік саладағы приориттер де өзгере бастады. Халықтың ұлттық рухын көтеру де мұның ескі коммунистік көзқарасынан мүлде бөлек бағытқа бұрылып бара жатты. Бұл ауызбен айтқанымен, қолымен оларды көтермейтін Алаш қайраткерлерінің есімдері мен істері жаңа қуатпен ашық жаңғыра бастады. Әсіресе, Қазақстанның территориясын анықтап берген бұл емес солар екендігі «бәрін мен жасадым» деп жүрген мұның ішін күйдіре түскені де хақ. Декоммунизация, деколонизация дейтін ұрандарға қолдау жасалу да ішін қыздырған сияқты. «Отыз елдің қатарына енеміз» деген сияқты көпірме ұрандар ұмытыла бастады т.т.
Осының бәрі билікті бәрібір қолдан шығармаспын деген Назарбаевтың түпкі мақсатын кейінге шегіндіре түскендей. Оның үстіне, өзінің етене жақындары, бұрын алшаңдап жүретін, салықтан жалтаратын, бірге жеген, бірге жұтқан, елдің іші-сыртындағы жемтіктестері де арыздарын қардай боратып бұған келе бастайды. Осының бәрін ойлай келіп, ол билікке қайта оралуды көздеген сияқты.
Ал оған қандай жолмен келеді? Демократиялық жолмен қайтып келе алмайсың. Жас та келіп қалды. Енді не істеу керек?
Көп ойланып – оның жолы біреу-ақ екенін тапқан сияқты. Ол үшін елде хаос, астаң-кестең арандату, биліктің шарасыздығын туғызу керек. Сасқан халық сонда мұны билікке өздері шақырады. Өйткені, билік қашып, елде әлем-тапырақ қарақшылық, тонау, қирату, өрттеу, атыс, шабыс болып кетсе: «ойбай ақсақал (бұл жолы шал демейді), өзіңіз келіңіз, елге тәртіп орнатыңыз» дейді. Тіпті жалынады, аяғына жығылуға дейін барады. «Азамат соғысына айналатын саяси дағдарыс болғалы тұр, осындай жағдайда елді бір-ақ адам құтқара алады. Ол – өзіңіз!» деп, асты-үстіне түсетін шақырулар, белгілі ақсақалдарға бастатқан топтардың алдына барып жығылуы – бәр-бәрі болады және оны ТВ-дан халыққа үздіксіз көрсетеді…
Осындай жағдайда билікке алшаң басып қайта келмей несі бар?..
Мұндай мысалдар поскеңестік кеңістікте болған. Әзербайжанда 1993 жылғы 17 маусымда Гейдар Әлиев билік басына нақ осы жолмен келген. Бірақ елдегі дүрбелеңді, хаосты ол ұйымдастырған жоқ еді, алайда соның арқасында билікке келді. Елдің атақты адамдары жалынып, жалпайып одан қайта басқаруын сұрады. Оның алдында, 1992 жылдың наурызында Грузияға да осы себеппен Эдуард Шеварднадзе қайтып келіп, билік құрған. Оны да «саяси дағдарыстан құтқара гөр» деп Грузияның халыққа танымал адамдары шақырған. Біздікі де сол мысалды еске алып, елде саяси дағдарыс, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғысы келген болуы керек. Бұлардың бәрінің де шыққан жері бір партия ғой, бәрі де республиканың бірінші хатшылары болды, сондықтан компартияның әдіс-тәсілдерін жетік меңгергендер…
Ал елде дүрбелеңді ұйымдастыру бұл кісінің қолынан мықтап келетін. Газдың бағасын қасақана, бір күнде екі есе көтеру де бұл үшін оп-оңай. Өйткені, газдың иелері өз адамдары. Жаңаөзендегі айғайдың Алматыға да жедел жететінін болжау қиын емес. Алақандарына түкіріп, «шал, кеттің» қызуын жоғары температураға көтеріп жүргендер мұнда мыңдап саналады. Оларды бір ысқырықпен-ақ жинап алуға болады. Бірақ олар бүлдіру-жандыру, қирату, өрттеу сияқты бүкіл ел назарын аударатын қылыққа бармайды.
Осы жерде Айсұлтан (жиені) марқұмның таудағы полигонда дайындықтан өтіп жүрген содырлардың (боевиктердің) бар екенін айтқаны еске түседі. Ақкөңіл бала мұны көріп шошынған болуы керек, жарты әлемге жариялап кетіп еді ғой… Міне, арнайы дайындықтан өтіп жүрген сол содырларды қолданатын сәт келген. Оларға тегіс копюшоны бар, ұзын пуховиктер кигізіп, қолдарына таяқ ұстатып, айғайлап тұрған митингішілердің арасына сұғып жіберіп, алда тұрған полицияны басқа-көзге төпей бер деген команда берілген сияқты. Қызынып тұрған митингшілер де бұл іске араласа кетеді. Сонымен бірге содырларға барлық дүкен, ғимарат атаулыны да өрттеңдер, шыныларын тегіс сындырыңдар, тауарларын шашыңдар, тіпті ішінара бейбіт халықты да, оның ішінде әйел, жас балаға қарамай ұрыңдар деген команда берілген болуы керек. Бұлар халықтың зәресін алудың амалдары. Әйтпесе, есі дұрыс полиция, есі дұрыс митингіші адам өлтіре ме?
Мұндайды көріп митингшілердің арасындағы кейбір шошынғандары қаша бастаса, намысқа тиетін сөздер айтып тоқтатқан. Сонымен бірге олардың ішіне інішектер мен күйеу балалардың базарларында істейтін жүкшілер мен жұмысшыларды да қосып жіберген. Сөйтіп, қиратып, бүлдірушілердің саны ондаған мыңнан асқан…
Ал әлеуетті құрылымдардың басшыларына түк іс-қимыл жасамаңдар, жандарыңды сақтаңдар деген астыртын бұйрық берілген сияқты. Артынан олардың арасындағы кейбір арлылары осы бұйрыққа бағынғанынан ұялып, өздеріне өзі қол да салғаны белгілі…
Ендігі ең басты сұрақ президенттен құтылу. Оған ҰҚК-ның бастығы Мәсімовті салып, үркіткен, шошынтқан ақпарлар жеткізген. «20 мыңдай шетелдік қарулы террористер кіріп кетті» деген сұмдықтың да соның аузынан шыққаны айдан анық. Әйтпесе, президент ондай санды қайдан шығарсын, Алматыға барып, біреуді санап па? Бұл ҰҚК-ның өзіне берген ақпары. «Ситуация выходит из-под контроля» деген сөздер де айтылғаны хақ. «Бас амандығын ойлаңыз, сізді шетелге әкететін ұшақ дайын тұр» деген сөздер де айтылғаны мәлім.
Осындай үркітулерден жасқанып, президент қашатын болса, шалдың жоспары толық іске асатын еді. Бірақ… бірақ президент Тоқаев ерлік қана емес тапқырлық жасады. Ол «20 мың қарулы террорист кіріп кетті» деген деректі орынды пайдалана білді. Шошынтамыз деген ақпар, сайып келгенде, тығырықтан шығарар амал болды. Ол аяқ астынан ҰҚШҰ-ның күшін пайдалану туралы шешім қабылдады. Тоқаевтың тағы бір батылдығы – атуға рұқсат берді. Енді қалай… Билікті сақтау керек. Билік кетсе, елде тегіс хаос болатын еді ғой. Төңкерісшілер мұны күтпеген еді.
Өздерінің беделін көтеру үшін Ресей, Беларусь, Армян басшылары жасақтарын дер кезінде аттандырды. Төңкерісшілердің ҰҚШҰ жасағымен соғысуға батылдары бармады. Бұл уақытта Президент те төңкерістің түбі қайда екенін сезген болуы керек, шалды Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығынан шеттетті. Барлық әлеуетті күштер өзіне бағынды. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, шал Мәскеуге қашты. Путинмен кездескені туралы хабар болмаса да, астыртын сөйлесіп, өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді Тоқаевтан өтінуді сұраған болуы керек. Анау келісіп, бірақ «биліктен бас тартсын» деген шарт қойған сияқты. Сосын шал Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде биліктен бас тартып, өзінің зейнеткер екенін мәлімдеді.
Міне, Қаңтар оқиғасының болуы мен дамуының себептері барлық деректерді салыстырып, логикалық талдау жасағанда осындай болып отыр. Барлық деректер ашық ақпараттан алынып, болжалдар солардың негізінде жасалды. Назарбаев «қос өкімет» жасамай, биліктен абыроймен толық кете қойғанда, ешқандай қантөгіс болмас еді. Өзінің де елге сіңірген қаншама еңбегі ұмытылмай, барлық уақытта құрметпен аталар еді. Билікқұмарлық та адамды абыройдан айырады екен.
Жақсыбай САМРАТ