Луганськ жерінде РФ армиясының «бүкіл қорғаныс шебі құлағалы тұр»
МӘСКЕУ. 28 желтоқсан. Ресей армиясы Луганськ облысында тағы бір түйінді қаладан айырылып қалуы әбден ықтимал. Бұл туралы The Moscow News хабарлады.
«Украинаның қарсы шабуылы нәтижесінде бұған дейінгі 10 айға созылған соғыстың негізгі мақсаты ретінде «азат ету» деген желеу сөздің желегімен басып алған территорияларының жартысынан айырылып қалған Ресей армиясы Луганськ облысында тағы бір бекіністі қаланы беріп қоюы мүмкін», – делінген хабарламада.
Қазіргі сағаттарда Украина Қарулы күштері Ресей әскерлерінің Креминна қаласындағы позициясына қысымды күшейтіп жатыр. Тірек бекеті және логистикалық орталық болып табылатын бұл елді мекенге оккупанттар қыркүйек айындағы шегіністерінен кейін келіп орныққан еді. Соғысқа дейін небәрі 18 мың ғана тұрғын тұрған қалашық Донбастың жазда орыстардың бақылауына өткен өнеркәсіп орталығы – Северодонецьк мен Лисичанськ жолындағы «дарбаза» болатын.
«Ресейдің әскери командованиесі Креминнадан Рубижнеге көшіп жатыр», – деп хабарлады дүйсенбі күні Луганськ облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Сергий Гайдай. Соның артынша, тура Херсондағы сияқты, мұнда арнайы жұмысқа келген ресейлік азаматтар да қаланы тастап шыққан.
«Креминнада бірнеше күннен бері кескілескен ұрыс қимылдары жүруде, басымдық украин әскерлері жағында, – деп баяндады Гайдай сейсенбі күні. – Ресейліктер егер өздері Креминнадан айырылса, өздерінің бүкіл қорғаныс шебі қирайтынын жақсы біледі».
«Украин әскерлері, байқап қарасақ, Луганьск облысында алдында болжағандарынан да үлкен табыстарға жетіп жатқан сияқты», – деп жазды Американың Соғысты зерттеу институтының (ISW) сарапшылары. Олардың мәліметтері бойынша, бұл бағыттағы шабуыл 23 желтоқсаннан бері толассыз жүріп жатыр. Британия барлау қызметі сәрсенбі күні өзінің дәстүрлі есебінде Красный Лиманның батыс жағынан шабуыл жасап келген Украина Қаруды күштері қаланың «осал» тұсын тез тауып алғандарын мәлімдеді.
Гайдайдың айтуынша, орыс басқыншылары осы күндері орасан зор шығынға ұшырауда. Ал Креминнаны тастап шықса, олар бір қаладан кейін бір қаланы оңай бере бастайтын болады, себебі, бұдан кейін көп қырғынға тап болған оккупанттардың қорғанулары өте қиынға айналады.
Киев Креминна бағытын Донбасты толық азат етуге мол мүмкіндік беретін ең бір түйінді шеп ретінде қарастырып отыр. Мұны ЛХР халық милициясының офицері, кезекті коллаборант-сатқын Андрей Марочко «РИА Новости» тілшісіне берген сұхбатында да растады.
Осы уақытта Ресей армиясының Бахмут (бұрынғы аты – Артемовськ) түбіндегі шабуылдары да мандымай жатыр. ISW мамандарының жазуынша, әскер қатарының орасан зор адам және техника шығындарына ұшыраулары басқыншылардың шабуылды жекелеген отрядтар деңгейінде ғана ұйымдастыра алуларына апарып тастаған.
Майдандағы бұл жағдайдан Владимир Путиннің қаншалықты хабары бар екені әзірге жұмбақ болып тұр. The Wall Street Journal газетінің Кремльге және федералды шенеуніктерге жақын мәнбелері ФСБ мен Қауіпсіздік кеңесінің сүзгіден өткізілген деректерді ғана алып отырған Путиннің «ақпараттық қапшықтың ішінде» өмір сүріп отырғанын айтады. Мәнбелер оның әлі де Украинаны толық басып ала алатындарына сенімді екенін, сондықтан мобилизация мен экономиканы осы соғысқа төге беруге бел шешіп жүргенін байқаған.