Қызылорда облысының әкімі кеңес алдында есеп берді
ҚЫЗЫЛОРДА. 14 ақпан. Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, есеп берді. Бұл туралы Kyzylorda-news.kz хабарлады.
Облыс басшысы кездесуде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2019-2022 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарының орындалу барысы туралы әңгімеледі. Ол өз сөзінде 2019 жылы облыс экономикасына 400 млрд теңгеден астам инвестиция салынғандығына тоқталды. Бұл – 2018 жылға қарағанда 17,4 пайызға артық. Қазір облыс инвестициялар өсімінің қарқыны бойынша жоғары өсу динамикасы бар үздік 4 өңірдің қатарында. 2019 жылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сипаттайтын барлық негізгі көрсеткіштері бойынша оң нәтижелерге ие болды. Атап айтқанда, 25 әлеуметтік нысанның құрылысы, оның 12-сінің құрылысы өткен жылы аяқталса, қалған 13-і биыл іске асады деп жоспарлануда. Жыл қорытындысымен, жалпы экономикалық дамудың 7 көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы үздік 8 облыстың қатарында келеді.
Аймақ басшысы есеп беру кезінде мұнай өндірудегі шығын салдарын жою мақсатында шикізаттық емес секторды әсіресе экспортқа бағытталған өндірістерді дамытуға баса назар аударылып отырғанын айтты.
– Биылғы жылдың көктемінде ас тұзын өңдеу және йодтау зауытын іске қосамыз. 2020 жылы жылына 4 мың тонна балық өңдейтін цехты, қуаты 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын, ірі қара мал өсіретін кешенді аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, түйе сүтінен құрғақ сүт шығаратын өндірісі мен шыны пластикалық желілік және жоғары қысымдағы сорғы-компрессорлық трубалар өндірістерінің құрылысы басталмақ. Шетелді қоса алғанда, өнімге сұраныстың өсуін ескере отырып, Арал қаласында ас тұзын шығаратын қуаты 120 мың тонна үшінші испан цехының және де еліміздегі алғашқы калцийлендірілген сода шығаратын зауыт министрліктің рұқсатымен құрылысы басталады, – деді Қуанышбек Досмайылұлы.
Оның айтуынша, аймақтың агроөнеркәсіптік кешен өнімі әлемнің 19 еліне жіберіліп жүр. Экспортқа шығарылатын өнім тізбесі соңғы жылдары 3-тен 19 түрге дейін көбейген. 2019 жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімінің экспорт көлемі 7 пайызға өскен. Өңделген өнім үлесі экспорттың 90-нан аса пайызын құрайды.
Өткен жылы облыста 760 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру әлі де жалғасуда. Қазіргі таңда 2234 пәтерлі 48 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Оның ішінде 18 үй (784 пәтер) жеке инвесторлар есебінен пайдалануға берілді.
Облыс әкімі тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны көп екенін тілге тиек етті. Бүгінде аймақта тұрғын үйге мұқтаж 30118 азамат (Қызылорда қаласы бойынша – 25395 азамат) кезекке тіркелген. Сондықтан осы мәселені шешу бағытында қарқынды жұмысты жалғастырылады.
Кездесу барысында өңір басшысы «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құру, «Қорқыт Ата» әуежайында халықаралық талаптарға сай жолаушылар терминалын салу, 2019-2021 жылдарға арналған өңірлік Әлеуметтік жол картасы мәселелеріне де тоқталды. Қоғамдық кеңес мүшелері де ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Аймақ басшысының атқарып жатқан жұмыстарына оң бағаларын беріп, өңірдің дамуы үшін бірлесіп жұмыс істеуге атсалысатындықтарын білдірді.