Қырымдықтар украин азаматтығын қалпына келтіріп беруді сұрайды
СИМФЕРОПОЛЬ. 27 желтоқсан. Қырымнан кетіп қалған көптеген тұрғындар президент Зеленьскийден украин азаматтығын қалпына келтіру үдерісін жеңілдетуді сұрап отыр. Бұл туралы «Новая газета. Европа» хабарлады.
«Украинадағы соғыстың салдарынан көптеген қырымдықтар түбектен кетіп қалуға мәжбүр болды. Біреулер бұрынғы украин паспорттарымен Еуропа елдеріне аттанды, енді біреулер украин армиясының бақылауында тұрған территорияларға барып паналады», – делінген хабарламада.
Алайда украин паспорттарын сақтай алмай қалған азаматтар да аз емес. Бірқатар қырымдықтар 2014 жылға дейін әлі жас болғандықтан, паспорт алып та үлгере алмады.
Желтоқсан айының басында Қырымнан кетіп қалған көптеген тұрғындар Украина президенті Володимир Зеленьскийдің атына петиция арнап, РФ басқыншылары аннексиялап алған түбектің тұрғындары үшін украин паспортын алу процедурасын жеңілдетуді өтінуге кірісіп кетті. Бұрын Симферопольде тұрған Алексей Ефремов осы петицияны әзірлеп, оны «Дія» мемлекеттік порталына орналастырды.
«Біз – оккупанттар уақытша басып алған Қырым түбегі мен басқа да сондай территориялар тұрғындарымыз, – делінген петицияда. – Біз өз отанымызды сатқан жоқпыз, референдум деп аталған науқанға қатыспадық, оккупациялық билікпен жұмыс істеспедік. Біз өз отанымызға пайда әкелгіміз, Украинаның пайдасына жұмыс істегіміз келеді, бірақ қазір біздің көбімізде украин құжаттары жоқ немесе бұрынғысының мерзімдері бітіп қалған. Қазіргі уақытта құжат алу немесе оны ауыстыру өте күрделі және ұзақ процесс. Біз тексеру қажет екенін жақсы түсінеміз, бірақ Қырым тұрғындарын реинтеграция жасаудың және қоғамның толыққанды азаматтары болуымыздың тездетілгенін қалаймыз», – делінген онда.
Автор мәтінді украин тілінде жазған.