Путин ТМД елдері лидерлеріне сегіз алтын жүзікті сыйға тартты
САНКТ-ПЕТЕРБУРГ. 27 желтоқсан. Ресей президенті Владимир Путин ТМД елдері басшыларына бір-бір алтын жүзіктен сыйлады. Бұл туралы «Коммерсантъ» хабарлады.
«Владимир Путин ТМД елдерінің саммитіне қатысушыларға Достастық нышаны салынған сегіз жүзік кигізді. Путин тоғызыншы жүзікті өзіне қалдырды», – деп жазды басылым.
ТМД символы ойып салынған сақинада «С Новым годом 2023» деген жазу да бар екен. Онда сондай-ақ кішірек қаріппен жазылған «Россия» деген де жазба бар болып шықты. Мұнысы саммит өтіп жатқан елді білдірсе керек.
Путиннің сыйлықтарын Беларусь президенті Александр Лукашенко, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердымухамедов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев және Армения премьер-министрі Никол Пашинян алды.
Биліктің тоғыз сақинасы – ағылшынның атақты жазушысы Джон Толкиннің «Сақиналар билеушісі» деген кітаптары сериясының орталық артефактісі. Кітапта Саурон деген кейіпкер жұртты өз жағына тартып, өзінінң дегенінде жүрулері үшін осы сиқырлы сақинаның құдіретін қатты пайдаланған. Ал оның қолынан сақина алған адам елеске айналып кететін болған (Назгул). Сол Саурон тоғыз сақинаны тоғыз корольдің қолына таққан. Содан кейін тоғызы да соңыра елес-әруаққа айналып кеткен.
Путин бұл тоғыз сақинаны таратқан кезде Джон Толкиннің осы трилогиясын есіне алды ма екен?