РФ қаржыгерлері соғыстың елге зор апат әкелетінін ескерткен екен
МӘСКЕУ. 16 желтоқсан. Ресей қаржыгерлері Греф пен Насибуллина Путинге соғыстың елді экономикалық зор апатқа апаратынын алдын ала ескерткен көрінеді. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.
Расында енді батыс елдері тарапынан салынып жатқан санкциялар тасқыны Ресей экономикасын алаңсыз күйретіп, кемінде он жылға кері лақтырып тастауы мүмкін. Екі жылдың көлемінде ішкі жалпы өнім долларлық өлшеммен алғанда, 30 пайызға құлауы кәдік. Инфляцияның шарықтап шыға келуі сондай, Орталық банк ставканы 35 пайызға дейін көтереді, ал табыс 20 пайызға дейін құлайды. Президент алдында есеп беру барысында Сбербанк банкі басқармасының төрағасы Герман Греф осындай салдарларды алға тартыпты.
Ресейліктердің тұрмыстық жағдайлары дамушы елдердің деңгейінен де қалып қояды, себебі, Мәскеу қазіргі заманғы технологияларды ғана емес, сонымен бірге тіпті азық-түлік және дәрі-дәрмек сияқты бірінші кезектегі керекті тауарлардың өзін импорттан әкеле алмайды.
«Егер Украина төңірегіндегі шырғалаң бұдан да қатая түссе, Ресейді апатты келешек күтіп тұр», – деген екен Герман Греф Ресей Украинаға тұтқиылдан басып кірерден бір ай алдын Владимир Путиннің Ново-Огареводағы резиденциясында сөйлеген сөзінде.
«Оған 39 беттен тұратын тұсаукесерді дайындауға көмектескен Орталық банктің төрағасы Эльвира Набиуллина да сол кездесуге қатысты. Бірақ Ресей билігі либералдық қанатының аз санды өкілдері де соғысқа дайындық жүріп жатқанын білген жоқ. Олар Путин тек ДХР мен ЛХР-дың тәуелсіздіктерін мойындайтын шығар деп шамалады, бұл батыстың өте қатқыл реакциясын туғызады деп есептеді», – деп жазады Financial Times газеті.
Басылымның баяндауынша, жиында Путин кенет Грефтің сөзін бөліп, одан санкциялардың ең ауыр зардаптарынан қиындық көрмеу үшін не істеу керектігін сұраған.
Алайда өздерін тым қолапайсыз әрі сенімсіз сезінген технократтар Путинді соғыс эскалациясынан сақтандырып, оған геосаяси апатқа арандап қалуға тәуекел етіп тұрғанын жете түсіндіріп беретіндей нақты, дәлме-дәл, шешімді жауап бере алмаған.
«Греф пен Насибуллина Ново-Огареводан Путиннің нені жоспарлап отырғанын және өздері айтқан уәждерді қабылдаған-қабылдамағанын біле алмай қайтты», – деп жазады FT.
Кейін Ресей армиясы 24 ақпан күні таңертең Украина жеріне басып кірген кезде Кремль қожайынының елдегі ең ірі қаржыгер-шенеуніктердің ескертулерін құлағына қыстырмағаны айдан анық белгілі болып шыға келді.