Украина әскерлері Ресей жіберген 76 ракетаның 60-ын атып түсірді
КИЕВ. 16 желтоқсан. Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужный бүгін РФ жіберген 76 ракетаның 60-сы нысанаға жетпей жойылғанын мәлімдеді. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Бас қолбасшының айтуынша, 16 желтоқсанда басқыншылар атқан 76 зымыранның 72-сі қанатты болған.
Залужный Telegram-каналда тікелей эфирге шығып, бүгінгі күннің есебін берген. Алдын ала мәлімет бойынша, жау бүгін таңертең Каспий және Қара теңіздерден Украинаның инфрақұрылымдарына 76 ракета жіберген, олардың 72-сі қанатты (Х-101, «Калибр», Х-22) және 4-і авиациямен басқарылатын ракеталар (Х-59/Х-31П) болып шықты.
«Ресей бүгін таңертең Украинаға ракетадан тоғызыншы мәрте жаппай соққы берді. Жау елдің энергетикалық инфрақұрылымдарын атқылады. Украинаның бүкіл территориясында әуе дабылы жарияланды», – деп жазды The Moskow News.
«Басқыншылардың Киев әуе қорғанысын бұзып өтуге бағытталған ракеталық терроры мен өрескел әрекеттері біздің сағымызды сындыра алмайды», – деді Залужный.
Украина Әуе күштеріндегілер бұл жолғы шабуылдың бір ерекшелігі Х-101/Х-555 қанатты ракеталарының тек Каспий теңізінің акваториясынан ғана емес, сонымен бірге Ту-95МС стратегиялық бомбалаушы-ракетатасығыштары шоғырланған Саратов облысының Энгельс ауданынан да жіберілгені болды.
Бұдан бөлек, оккупанттар Қара теңіз айдынындағы «Адмирал Макаров» фрегатынан да атқылады.
Айта кететін бір жайт, Ресей зымырандарының бірі Украинаға жетпей, Волгоград облысындағы Елан ауданына барып құлаған.
Осы кезде АҚШ сенатының Украинаға көмек көрсету үшін рекордтық көрсеткіш – 858 млрд доллар көлеміндегі қаражатты қорғаныс бюджетіне қосып отырғаны жайлы хабар келіп жетті.