Ресей оккупанттарынан азат етілетін келесі қоныс Мелитополь болады
КИЕВ. 15 желтоқсан. Ресейдің басқыншы армиясының шеңгелінен босатылатын ендігі елді мекен Мелитополь қаласы болғалы тұр. Бұл туралы «Стопкор» хабарлады.
Украинаның оңтүстігін жаудан босатуда Мелитопольді азат етудің маңызы айрықша зор болмақ. Қазіргі күндері Запорожье облысында осыған дайындық жүріп жатқан сияқты.
Мелитополь – оңтүстіктегі ендігі шабуылдардың түйінді нүктесі. Қырымға баратын жол да осы жерден басталады. Әскери сарапшы Дмитрий Снегирев қазіргі күндері осы маңайда Ресей әскерлері орналасқан аудандарға жоғары дәлдікті соққылар беріліп жатқанын әңгімеледі.
Бүгін Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужный The Economist газетіне берген сұхбатында украин армиясының үлкен соғыс операциясына дайындалып жатқанын, бірақ оның әзір жоспары толық бекіп бітпегенін айтты. Ол өз сөзінде Украинада қазір бар снарядтар қорымен ірі операция жасалмайтынын, бұл үшін батыстан көмек күтіп отырғандарын алға тартты. Шайқастардың сәтті болмағы тек осы снарядтарға байланысты болып тұр, деді ол.