Украина әуе қорғанысы Ресейдің 60-тан аса ракетасын атып түсірді
КИЕВ. 5 желтоқсан. Украинаның әуе қорғанысы күштері бүгін дүйсенбі күні Ресейдің 60-тан аса ракетасын аспаннан атып түсірді. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Дүйсенбі күні Ресейдің оккупациялық армиясы украин жеріне қарай 70-тен аса зымыран жіберген. Украин жауынгерлері солардың 60-тан астамын атып құлатқан.
«Барлығы 70-ден аса ракета ұшырылды. Алдын ала мәліметтер бойынша, Х-101/Х-555 типті 38 қанатты ракета Каспий теңізі ауданы мен Ростов облысының Волгодонск жерінен стратегиялық авиацияның сегіз Ту-95мс ұшағы арқылы ұшырылған. Сондай-ақ Қара теңіз флотының кемесінен «Калибр» типті 22 қанатты ракета жөнелтілген.
Бұдан бөлек, Қара теңіз акваториясынан Ту-22м3 алысқа ұшатын бомбардировщиктері үш Х-22 қанатты ракетасымен, сондай-ақ Су-35 истребительдері арқылы қолдан басқарылатын алты Х-59 авиациялық ракетасымен және бір Х-31П ракетасымен атқылаған.
Украина Қарулы күштерінің бас штабы оккупанттардың барлығы 60-тан аса ракетасының нысанасына жетпей атып түсірілгенін мәлімдеді.
Бүгін сондай-ақ Владимир Путин аннексияланған Қырым түбегіне алып баратын көпірді келіп көрді. Осында РФ вице-премьері Марат Хуснуллин оған өткелде жүріп жатқан жөндеу жұмыстары жайынан есеп берді.