Пентагон Украинаға миллиард долларға NASAMS беретін болып отыр
ВАШИНГТОН. 1 желтоқсан. АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі Украинаға 1,2 млрд долларға NASAMS әуе қорғанысы жүйесін беретін болды. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Пентагонның мәліметінше, осы үшін АҚШ Қорғаныс министрлігі Raytheon Technologies Co (RTX.N) компаниясымен 1,2 млрд долларға келісімге отырған.
Ведомствода бұл жұмыстың Массачусетс штатындағы Тьюксбери қаласында шамамен 2025 жылдың 28 қарашасына дейін жүзеге асырылатыны атап көрсетілген.
Украина Қорғаныс министрі Олексий Резников қазіргі күндері Украинаға АҚШ-тан NASAMS және Aspide зенит-ракета кешені келіп жатқанын баяндады.
Бұдан екі күн алдын Германия үкіметі орыс басқыншылығынан қорғануы үшін Украинаға «Gepard» зенитті танк қондырғыларын көптеп жөнелтетін болып шешті. Қазіргі сәтте сондай 30 танк Украинаға жеткізіліп берілген.