Германия украин халқының ашаршылық геноцидіне ұшырағанын растады
БЕРЛИН. 1 желтоқсан. Германия украин халқының Кеңес Одағы билігі 30-шы жылдардың басында ұйымдастырған ашаршылық геноцидін бастан кешкенін мойындады. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Неміс Бундестагы 30 қараша күні украин халқының қолдан ұйымдастырылған ашаршылық геноцидіне ұшырағаны туралы қарар қабылдады.
Мұның алдында Социал-демократтар, Жасылдар, Еркін демократия, сондай-ақ оппозициялық Христиан-демократиялық партияларынан сайланған депутаттар партия ішілік қарар қабылдап, онда тұтас халықтың совет өкіметінің украин халқын қыру үшін қасақана ашаршылық геноцидін ұйымдастырғанын атап көрсетті. «Аштық пен репрессиядан астық өндіруші өңірлер ғана емес, сонымен бірге бүкіл Украина зардап шекті. Бүгінгі күннің тұрғысынан қарағанда, тарихи-саяси дәрежелі геноцидтің орын алғаны айқын көрініп тұр. Неміс Бундестагы осындай классификациямен келіседі», – делінген Бундестаг қабылдаған құжатта.
Құжатта сондай-ақ аштықтың «украин халқының ұлттық сана-сезімін саяси тұрғыда басу үшін» қолдан жасалғаны атап көрсетілген. Халықтың аштықтан жаппай қырылуы сол кезде астықтың шығымы нашар болғанынан орын алған жоқ, ол Кеңес Одағының Иосиф Сталин бастаған саяси басшылығының қысастығы болып табылады. «Осылайша Ашаршылық адамзатқа қарсы қолданылған жауыздық әрекет болып есептеледі», – деп мәлімдеді парламентарий.
Еске сала кетейік, 24 қарашада Ирландия парламентінің жоғарғы палатасы, сондай-ақ Молдова парламенті ашаршылықтың украин халқын қыруға арналған геноцид болғанын мойындады, ал Румыния 30-шы жылдардың басында коммунистік билік жасаған ашаршылықты адамзат баласы мен украин халқы алдындағы зор қылмыс екенін атап көрсетті.
Дәл сол 30-шы жылдардың басында Украинадағы сияқты алапат ашаршылық Қазақстанда, сонымен бірге Еділ бойында (онда да қазақтар көп тұрды) орын алған болатын. Бірақ Қазақстан билігі отыз жылдан астам уақыттан бері мұны халықаралық деңгейге дейін жеткізіп, оның геноцид екенін ұғындыру жолында ешқандай ишаратты қадам жасап көрген емес.