Бокстан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында 10-орын алды
МАДРИД. 27 қараша. Испанияның Ла-Нусия қаласында кеше түнде аяқталған бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстанның жігіттер құрамасы 10-шы орынға табан тіреді. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Бас жаттықтырушы Ғалым Кенжебаевтың қарамағындағы боксшылар тағы да кезекті жаһандық жарыстан күйрей жеңіліп қайтты.
Еске сала кетейік, бұрын көп жылдар бойы республиканың жастар арасындағы жігіттер құрамасын басқарып келген бұл бапкер 2018 жылы ересектер арасындағы бас команданың тізгінін ұстаған еді. Алайда, оның басқаруындағы жамағат халықаралық ірі турнирлерде атап ауызға аларлықтай табысқа жете алмады. Ал 2021 жылы Токиода өткен Олимпиялық ойындарда боксшылары мүлде қанағаттанғысыз өнер көрсеткеннен кейін («за провал») орнынан алынып, қайтадан жігіттер арасындағы жастар құрамасына жіберілген болатын.
Өкінішке қарай, Ғалым Кенжебаев мұнда да өзінің сәтсіздікке толы жолын сол қалпы жалғастырып келеді. Аталмыш чемпионатта оның шәкірттері небәрі 2 күміс медальге ғана қол артып, жалпы командалық есепте 10-шы сатыдан көрінді. Жарыста күміс медальдің иегерлері атанып қайтқан Нұрбек Мұрсал (67 кг) мен Дәулет Төлемісов (75 кг) финалда өзбек боксшылары Жавохир Умматалиев пен Турабек Хабибуллаевқа есе жіберіп қойды.
Күткеніміздей, командалық бірінші орынды 4 алтын, 1 күміс және 1 қола медальды қоржындарына салған Өзбекстан құрамасы жеңіп алды. Екінші орынға 2 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жиынтығын жинаған Куба боксшылары көтерілді. Үшінші орынды 2 алтын, 1 күміс медальды олжалаған Үндістан құрамасы еншіледі. Бұдан кейінгі орындарға Англия, Украина, Мексика, Жапония, Грузия құрамалары осы реттері бойынша орналасты.
Ал кезінде Қазақстан құрамасы сапындағы белгілі боксшы болған Елдос Сайдалин басқаратын қыздар арасындағы жастар құрамасы аталмыш чемпионатта командалық есеп бойынша 2-орыннан табылды. Оның командасында Элина Базарова (54 кг) мен Бақыт Сейдіш (66 кг) алтын медальға, Гүлназ Бөрібаева (48 кг), Әсем Таңатар (63 кг) және Әсел Тоқтасын (+81 кг) қола медальға қол жеткізді. Бірінші орынға 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медалі бар Үндістан қыздары шықты. Үшінші орынға жайғасқан Өзбекстан терма жамоатында 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль бар. Жалпы, алғашқы ондыққа бұлардан басқа тағы Англия, Нидерланд, Украина, Ирландия, АҚШ, Сербия командалары енді.
Бұл ретте елдерінде қырғын соғыс болып жатқан украин жастарының осындай үлкен жарыстарда жүлделі орындардан көрініп, турнирдің алдыңғы легінде жүргендерінің өзі зор ерлік деп білеміз.
Екінші суретте: чемпионаттың алтын жүлдегері Элина Базарова