Польша құлаған ракетаны тексерудің әуелгі тұжырымын жариялады
ВАРШАВА. 17 қараша. Польша ракета құлауы жайын тексерудің алғашқы қорытындылары жайлы баяндады. Бұл туралы «Европейская правда» хабарлады.
Польша ракета құлаған жерде оқиғаның өріс алу реті жайынан мағлұмат бере алатын айғақтарды жинады. Поляк президенті жанындағы халықаралық саясат бюросының басшысы Якуб Кумох TVN24 телеарнасына берген сұхбатында осы турасында ой қозғады.
«Қазір бұған қатысты көптеген деректер бар, атап айтқанда, Ресей жіберген ракетаны атып құлатуды көздеген ракета нысанаға дөп тимей әрі өзін өзі жойып жіберу жүйесі істемей қалып, өкінішке қарай, қайғылы жағдайға алып келген», – деді Кумох.
Оның айтуынша, ракета құлаған жерде қазір поляк-америка тергеу тобы келіп жұмыс істеп жатыр, сондай-ақ украиндар да өздерін тергеуге араластыруды өтінген.
«Егер екі тарап келіссе, – менің білуімше, бұған Америка жағының қарсылығы жоқ, – жақын уақытта оларға сондай мүмкіндік беріледі. Егер тергеу тобының техникалық деңгейде ескертпелері болмаса, онда, бәлкім, украиндарды қосудан бас тартуға ешқандай негіз жоқ», – деді ол.
Тергеудің қандай айғақтары бар екені жөніндегі сұраққа ол: «Ракета сынықтары, кратердің тереңдігі, содан кейін сарапшылар ракетаның қайдан ұшып шыққанын, тіпті оның қанша отынды жағып үлгергенін анықтай алады», – деп жауап берді.
Кумох «видеожазба бар» дегенді де қосты сосын. «Мен тек оның мазмұны жайында әзір ештеңе айта алмаймын, себебі, мен оның құпияланған режимде көріп шықтым», – деп атап өтті ол.
Бюро басшысы сонымен бірге «бұл орайда ешкім де Украинаны айыптай алмайды, ол поляк территориясын қасақана бомбылаған жоқ» дегенді ерекше атап көрсетті.
«Ресей сол күні Украинаны жан-жақтан жаппай бомбылап жатты, бір күнде 100-ге жуық ракетамен атқылады, сондықтан онда құлаған нәрсенің бәріне Ресей жауапты болып табылады. Бұл бір кісінің күтпеген жерден жол үстіне шығып кетіп, автомобиль мен автобустың бір-бірімен соқтығысып қалуларына себеп болған жағдайды еске түсіреді. Сонда оған машиналар кінәлі бола ма? Жоқ, жол үстіне шығып кетіп, апатты туғызған адам кінәлі», – деді ол.
Польша президенті Анджей Дуда елдің шығысында орын алған жарылыстың қайғылы оқиға екенін айта отырып, Варшаваның аталған инцидентті елге жасалған шабуыл деп есептемейтінін жеткізді, өйткені, мұнда келіп құлаған ракетаны, Дуданың сөзінше, украин әуе қорғанысы күштері Ресей ракетасын атып түсіру мақсатында атқаны күмән туғызбайды. Бұған осының бәрін негіз болып отырған Ресей тарапы ғана кінәлі.