Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Сот «Боингті» атып түсірген Гиркинге «өмірлік түрме» жазасын кесті

ГААГА. 17 қараша. Гаага округтік соты Малайзияның МН17 ұшағының ісі бойынша үкім шығарып, Гиркин мен тағы екі фигурантты өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесті. Бұл туралы «Белсат» хабарлады.

Гаага округтік соты Малайзияның «Boeing 777» жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы ісі бойынша шешімді жария етті. Сот МН17 рейсінің Ресейдің тікелей араласуымен құрылған «ДХР» деп аталатын заңсыз құрылым территориясындағы Первомайское елді мекенінің үстінде ұшып бара жатқанында «Бук» зенит-ракета кешенімен атып түсірілгені жайлы қаулы қабылдады. Айыпталушылар Игорь Гиркин, Сергей Дубинский және Леонид Харченко МН17 лайнерінің апатқа ұшырауына айыпты деп танылды.

Тыңдаудың басында судья Хендрик Стейнхейс спутниктен объективке іліккен суреттер мен ракетаның аспандағы ізі, М58 нөмірлі анонимді куәгердің мәлімдемесі, телефон арқылы сөйленген сөздердің мазмұны, снарядтағы элементтердің іздері мен ұшақтағы таңбалар Малайзия авиажелісі лайнерінің «Бук» ракетасымен атып түсірілгенін айғақтайтынын баяндады.

Гаагадағы сот «Бук» зенит-ракета кешені экипажы сол сәтте әуедегі жолаушылар лайнерін өздеріне қарай шабуыл жасап келе жатқан әскери ұшақ екен деп ойлап қалған болуы мүмкін деген ұйғарымға келді, бірақ бұл қателік олардың қылмысты әрекетін ешбір ақтап алуға жатпайды. Тергеу де, сот та ұшақты ракетамен атуға нақты кімнің бұйрық бергенін анықтай алған жоқ. Үкімде айыпталушылардың біртұтас топтың құрамында бірге әрекет етпегені, алайда, олардың үшеуінің де «Бук» зенит-ракета кешенін қолдануға қатыстары бар екені айтылды.

Сөйтіп, сот істегі үш фигурант – Игорь Гиркинді, Сергей Дубинскийді және Леонид Харченконы МН17 рейсінің апатқа ұшырауына айыпты деп тауып, оларға өмірлік түрмеге отыру жазасын белгіледі. «ДХР»-дың бұрынғы қорғаныс министрі Гиркин оқиға болған жерде айғақты ашуға қатысты. Оны апатты функционалды орындаушы, яғни тапсырма бойынша әрекет етуші деп атауға болады, деді судья Стейнхейс. Оның бұл іске қатысы барлығы заң жүзінде және алғаусыз дәлелденді. Сот тек төртінші фигурант Олег Пулатовтың «Букті» қолдануға әлдеқандай бір араластығы барын толық дәрежеде анықтай алмады, сондықтан оны Дубинский мен Харченко секілді классикалық мағынадағы қатысушы деп атауға болмайды. Сот бұдан басқа, Гиркинді, Дубинскийді және Харченконы қаза тапқандардың туған-туыстарына шығынды өтеу ретінде кемінде 16 миллион еуро ақша төлеуге міндеттеді.

Аталмыш авиаапат 2014 жылы 17 шілдеде орын алды. Онда Амстердам – Куала-Лумпур бағытында ұшып бара жатқан МН17 рейсін жоғарыда аталған сотталушылар украин армиясы мен «ДХР» деп аталған заңсыз қарулы құрылым қарақшы-сепаратистері арасында ұрыс қимылдары жүріп жатқан Донецк облысының шығыс жағында атып түсірген.

Ресми мәліметтер бойынша, ұшақ Амстердамнан ұшып шыққанына 2 сағат 49 минут өткен шамада «Бук» зенит-ракета кешенінен атылған ракетасына тап келген. Лайнердің сынықтары Грабово, Рассыпное және Петрапавловка елді мекендері ауданына шашырай түскен. Сол сәтте бортта 283 жолаушы мен 15 экипаж мүшесі, барлығы 298 адам болған. Олардың бәрі сол сәтте қаза тапты. МН17 рейсінің апатқа ұшырауы авиацияның осы кезге дейінгі тарихындағы аса ірі он апаттың қатарынан орын алды, ол посткеңестік кеңістіктегі ең ауқымды әуе қарабы болды.

Малайзия ұшағының апатқа ұшырауы бойынша сот процесі 2020 жылдың 9 наурызында Нидерландта басталды. Тыңдау Гаага округтік сотында өтті. Тергеумен 2014 жылы 7 тамызда құрылған Халықаралық бірлескен тергеу тобы шұғылданды. Оған Австралия, Бельгия, Малайзия, Нидерланд және Украина елдерінің прокурорлары мен басқа да құқық қорғау органдарының, сондай-ақ Еуропа әділет қоғамының өкілдері кірді. Айыптаушы ретінде Нидерланд прокуратурасы әрекет етті, ол фигуранттар үшін өмірлік бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Айыпталушылар сол кезде «ДХР»-дың қорғаныс министрі қызметін атқарған Игорь Гиркин («Стрелков»), Сергей Дубинский (шақыру аты – «Хмурый»), Олег Пулатов (шақыру аты – «Гюрза») секілді Ресей азаматтары және Леонид Харченко есімді Украина азаматы болды. Бірде-бір айыпталушы сотқа келген жоқ, ал Олег Пулатов өз позициясын адвокат арқылы қорғады. Бұлардың арасында тек соңғысы ғана жаза алған жоқ.

Суретте: ортада – Игорь Гиркин

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button