Ресей экономикасы екі тоқсанда құлдырады. Алда бұдан да нашар болады
МӘСКЕУ. 17 қараша. Ресейдің экономикасы соңғы екі тоқсанды ұдайы төмен қарай түсіп, құлдыраумен келе жатыр. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.
«Батыс санкцияларының, технологиялық тосқауылдары мен жүздеген мың жұмыс қолдарының байланып қалуы салдарынан Ресей экономикасы техникалық рецессия кезеңіне өтті. Екінші тоқсанда 4,1 пайызды жоғалтқан РФ жалпы ішкі өнімі көрсеткіші шілде-қыркүйек айларының қорытындысында жылдық мөлшердің 4 пайызына қысқарды», – деп баяндады сәрсенбі күні Росстат.
Санкциялар Ресей бизнесінің сыртқы нарығын жауып, жоғары технологиялы импорттың жолын кескеннен кейін көтерме сауда көлемі 22,6 пайызға құлады. Батыс брендтері кетіп, тарихты бұрын-соңды болмаған авторынок коллапсы орын алған соң бөлшек сауда айналымы 9,6 пайызға төмен түсті.
Экономиканың шикізат жүрегі әзірге соғып тұр: мұнайшылар бүгінде Еуропадағы клиенттер алудан бас тартқаннан кейін теңіз жолымен күніне Азияға 3 млн баррель тасқын шығарып келеді. Бірақ шикізат тұрбасына байланысы жоқ өнеркәсіп қаусырылды – екінші тоқсанның қорытындысында ол 2 пайыз болды. Сонымен бірге, жекелеген салалар толық құрдымға құлады: елде қыркүйек айында автомобиль шығару – 42,4, автобус – 21,1, лифт – 29,1, тепловоз – 29,6, жүк вагондары – 31,6, электр жабдықтары 24,5 пайызға азайды.
«Басталған құлдырау кем дегенде тағы екі тоқсан бойы жалғасады», – деп ескертті Bloomberg Economics экономисі Александр Исаев.