Ресейліктер «пропагандистер» Соловьев пен Скабеевадан жалыға бастады
МӘСКЕУ. 17 қараша. Ресейлік көрермендер Кремльдің насихатшылары Владимир Соловьев пен Ольга Скабееваның хабарларынан жалыққандарын байқатып жатыр. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.
«Ресейдің мемлекеттік насихаты мұнарасындағы жұлдыздар өше бастады. Mediascope-нің 7-13 қараша аралығындағы мәліметтері бойынша, Владимир Соловьевтің арнасы мен Ольга Скабееваның «Россия-1» арнасындағы ток-шоулар көрермен аудиториясын қамту жағынан алғашқы 10-топ бағдарлама қатарынан ұшып кетті», – делінген хабарламада.
Сәуірдің аяғында көрермендерді «нацистердің» тез арада күйреуге ұшырайтынын айтып сендіріп жүрген «Вечер с Владимиром Соловьевым» бағдарламасы алдына тек жаңалық бағдарларламаларын ғана салып, 4-орында берік тұрған еді. Ал көрермендерге Ресей ракеталарының соққылары Еуропа елдері астаналарының бәріне емін-еркін жете алатынын мақтана жеткізіп жүрген Скабееваның «60 минут» бағдарламасы ондықтың соңғы шебі болатын.
Бірақ жақында Херсонды тастап шығуға апарып ұластырған соғыстағы жеңілістер сериясы мен президенттің осы оқиғаларға байланысты ләм-мим деп тіл қатпауы Кремль насихатшылары талпыныстарының бәрін жоққа шығарып, өздерінің беделдерін күрт төмен түсіріп жіберді. Сөйтіп, Соловьевпен және Скабеевамен бірге «Первый каналдың» барлық бағдарламалары, – арасында «Время» де бар, – рейтингтің «ондығынан» ұшып кетті, бұлардың орындарын «Ну-ка, все вместе!», «Привет, Андрей!» және «Песни от всей души» ойын-сауық шоулары басты.
Рейтингілерінің түсіп кетулеріне жауап ретінде Кремль кейбір мемлекеттік БАҚ-тарға соғыстағы сәтсіздіктерді мойындауды бастауға нұсқау берген көрінеді. Bloomberg-тің мәліметі бойынша, президент Владимир Путин қазан айында әскери тілшілермен астыртын кездесу өткізіпті, осыдан кейін пропагандистер матрицасына бірқатар жаңалықтар енген сияқты.
Кремльдегілер насихаттық шоулардың қуанышты көңіл күй екпіндері мен пафостарға тым толы болуы жұрт арасында туып жатқан күмәннің бояуы қалыңдай түсуіне себепкер болып отыр деген тұжырымға келді, дегенді айтады Bloomberg-тің мәнбелері. Олардың айтуларынша, Путинмен кездескен әскери журналистер президенттің Украинада болып жатқан оқиғаларға толық қанық екеніне шәк келтіріп шыққан.