Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Футбол. Өзбекстан терме жамағаты Қазақстан құрамасын ұтты

ТАШКЕНТ. 16 қараша. Өзбек байтағындағы «Пахтакор» стадионында футболдан Өзбекстан терма жамоаты мен Қазақстан құрамасы халықаралық жолдастық кездесу шеңберінде кездесті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Өзбектің Sport.uz сайты аталмыш ойын хақында небәрі 5 сөйлемнен ғана тұратын хабар берді.

«Сайыста біздің өкілдеріміз қарсыластарын 2:0 есебімен жеңді. Алдымен, 11-минутта Ходжимат Эркинов матчтағы есепті ашты. 45-минутта Эльдор Шомуродов екінші голды соқты», – деп жазады сайт.

Шағын хабар: «Осылайша Сречко Катанецтің шәкірттері жеңіске жетті. Қолдағы мәліметтерге қарағанда, біздің өкілдеріміз 20 қарашада Ресей құрамасымен ойнау үшін алаңға шығады», – деп түйінделеді.

Сайт тілшілері матчтан кейін Өзбекстан ұлттық құрамасының капитаны және итальянның «Рома» командасының шабуылшысы Эльдор Шомуродовтан төмендегідей сұхбат алды.

– Қарсыластарыңыздың ойын деңгейі жөніндегі пікіріңіз қандай?

– Әуелі мен күннің суықтығына қарамастан, ойынды көруге келген жанкүйерлерге алғыс айтып алайын. Ойынға келсек, біз өзімізді жақсы жағынан көрсете білдік. Өзіміз алдын ала ойластырған жоспарымызды орындадық. Сонда да болса, олқылықтарымыз бар. Олар түзетілуге тиіс. Ал Қазақстан құрамасы өте жақсы ойын көрсетті.

– Ұлттық құрама сапындағы рекордты жаңарту үшін сізге енді 1 гол соғу ғана қалды. Сіз осыған ұмтылып жүрсіз бе?

– Әрине, менің де тарихта қалғым келеді. Осы себептен мен рекордты жаңартуға тырысамын. Құдай бұйыртса, оны да жасармын, содан кейін иықтан ауыр жүк алынып, ойын жеңілдей түседі.

– Алда Ресеймен кездесу тұр. Сіз Ресейде ойнап көрдіңіз, олардың мүмкіндіктерін жақсы білесіз. Жалпы, сіз бұл матч жөнінде не айта аласыз?

– Ресеймен ойын, бүгінгіге қарағанда, айтарлықтай қиын болып өтеді. Ендігі қарсыластарымыз тек дене күші жағынан ғана емес, сонымен қатар техникалық жағынан де анағұрлым күшті.

– Сіз негізгі матчтарда гол соғып жүрсіз. Алдағы жоспарларыңыз қандай? Дәлірегі, егер сіздің «Ромадағы» ахуалыңыз жайына келсек.

– Мен қазір ұлттық құраманың сапында жүрмін. «Рома» туралы әзір ештеңе айта алмаймын.

 

***

 

Құрама командалар алаңға мына сөрелік құрамда шықты:

Өзбекстан: Юсупов, Эшмуродов, Аликулов, Ашурматов, Саитов, Сайфиев, Хамробеков, Шукуров, Тургунбоев, Эркинов, Шомуродов;

Қазақстан: Шацкий, Габышев, Малый, Марочкин, Әліп, Досмағамбетов, Тағыберген, Дарабаев, Оразов, Астанов, Айымбетов.

Матч алаң иелерінің жойқын шабуылымен басталды. Олар алғашқы минуттарда-ақ бірнеше рет меймандар дарбазасына қауіп төндіріп үлгерді. Солардың бірінде, 12-минутта Ходжимат Эркинов алаңның ортасында тұрып тепкен добын Игорь Шацкий қорғаған қақпаның «тоғыздығына» топ еткізді.

Осыдан кейін қазақ футболшылары белсенді қимыл көрсете бастады. Бір рет Асхат Тағыбергеннің тепкен добы қақпа бағанынан қайтты. Тағы бір сәттерде соңғы соққы дұрыс болмай жатты. Бұл кездерде өзбек футболшылары қарсы шабуыл ұйымдастырып тұрды. Дәл үзіліске шығардың алдыңда Тағыбергеннің берген добын орта жолдан қағып алған алаң иелері іле қарсы шабуылға шықты. Өте жылдам жүргізілген шабуылдың нүктесін екі жағынан екі ойыншының қыспағында қалған Эльдор Шомуродов қойды. Оның айып алаңы сызығы бойынан сырғытып тепкен добы біздің қақпашының жанынан өтіп, қақпа торынан бір-ақ шықты.

Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы Магомед Адиев екінші таймда алаңға Бақтиер Зайнутдиновті шығарды. Ол допқа көбірек егелік етуге елеулі әсер етті, бірақ алаңда айтарлықтай өзгеріс жасала қоймады. Бұдан кейін өткен алма-кезек шабуыл барысында екі тараптың да таблодағы есепті өзгертуге мүмкіндіктері болды. Атап айтқанда, Эльхан Астанов, Эльдор Шомуродов және Азиз Тургунбоев сондай сәттерде мүлт кетті. Қонақтар алаңға Бауыржан Исламханның шығуымен бірге тағы қарқынды үдетті, бірақ гол соғатын мәуріттер болмады. Мұның есесіне, Шомуродовтың кезекті соққысын Шацкий шалт қайтарып, өз қақпасын қорғап қалды. Сөйтіп, матч 2:0 есебімен Өзбекстан милли терма жамоатының пайдасына шешілді

Енді Қазақстан құрамасы 19 қараша күні Абу-Дабиде Біріккен Араб Әмірлігінің ұлттық командасымен ұшырасады. Әмірліктер бүгін кешке өз алаңында Аргентина құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, 0:5 есебімен ұтылып қалды.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button