Путин Украинамен келіссөз жүргізуге өте мүдделі болып отыр
МӘСКЕУ. 30 қазан. РФ президенті Владимир Путин Украина билігімен келіссөз жүргізіп, соғысты жылдам аяқтауға айрықша ынта таныта бастады. Бұл туралы «Генерал СВР» телеграм-каналы хабарлады.
Ресейлік пабликтің мәліметінше, Путин соғыстың бұл кезеңін ресейліктерге белгілі бір дәрежеде жеңіске жеткендей етіп көрсететіндей жағдайда аяқтағысы келеді. Бірақ бұл жағдайдың өзінде кемінде Донбасқа бақылау жүргізу мүмкіндігін өзінде қалдырып, аннексияланған Қырымға жермен баратын дәліз қалдырудан төмен түскісі жоқ.
Ал бұған Украинаның ешқашан көнбесі тағы аян. Украина президенті Володимир Зеленский кеше РФ әскерлерін түгел украин жерінен әкетпейінше, келіссөз турасында әңгіме болудың өзі мүмкін емес екенін қадап айтты. Ол Қырымды да қайтарып алмай, келісімге келмейтінін әлденеше рет мәлімдеген болатын.
Пабликтің баяндауынша, Ресей элитасы түгелдей майдандағы ахуалды, онда Путиннің жеңіліп жатқанын, сондықтан мына ұсыныстың нағыз ақымақтық болып көрінетінін жақсы байқап-біліп отыр,
Бұған қоса, Кремльдің қожайыны тек өзі 2014 жылдан бері аннексиялап алған территориялар ғана емес, сонымен қатар тіпті «ежелгі» ресейлік жерлерден де айырылып қалуы әбден ықтимал екенін олар пайымдай алады. Бұдан бөлек, Путиннің Мәскеуге соғыс жағдайын енгізуге дайындалуының өзі оның болашағы бұлыңғыр бола бастағанын айғақтайды.
«Оның сөздеріндегі Ердоған мен Си Цзиньпинді мақтаулары оларға ешқандай әсер беріп жатқан жоқ, себебі, екеуі де өз бағаларын жақсы біледі. Оның үстіне, Қытай мен Түркия Путиннің өз әрекеттерімен ақырындап елді тарауға алып келе жатқан қадамынан негізгі пайда табушы бенефициарлар болғалы тұр. «Валдайда» сөйлеген сөзінің өзі Путиннің Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімшарт Ұйымы форматындағы кездесуде барынша ашық сөйлеуге дайындалып жатқанын байқатады. Ал ҰҚКҰ тарап кетудің алдында. Қазақстан келесі жылы одан шығып кетуге бекем байлап қойған, Армения мен Қырғызстан мұндай форматтың тіршілік етуінің еш мәні жоқ екенін ашық айтуда», – деп жазды ресурс.
«Генерал СВР» Путиннің сыртқа дәстүрлі ықпал ету өрісін жоғалтып, Ресейді соғысты жүздеген мың құрбандықпен және территориялардан айырылу нәтижесімен жеңілуге алып бара жатқанын атап өтті.
*бенефициар (пайдасына төлем төленетін, аккредитив ашылатын тұлға, сақтандыру полисі бойынша ақша алушы).