Жаңалықтар жаңғырығыЖаһан

Блинкен Ресейдің «лас бомба» туралы мәлімдемесі қалп екенін айтты

ВАШИНГТОН. 26 қазан. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Ресейдің Украина «лас бомбаны» қолданғалы жатыр деген мәлімдемесінің жалған нәрсе екенін мәлімдеді. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.

Блинкен мұны НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенбергпен әңгімесі барысында жеткізді.

«Мен НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенбергпен Украинаға одан әрі қолдау көрсету және Ресейдің Украинаның өз территориясында «лас бомба» дайындап жатқаны жайында таратқан жалған ақпарын жоққа шығару турасында сөйлестім», – деді ол.

Еске түсіре кетейік, бұдан бұрын Ресей басшылығы әлемге осындай қауесет таратқан еді. РФ қорғаныс министрі Сергей Шойгу бір күннің ішінде бірнеше елдегі әріптестерімен сөйлесіп, осы жалған хабарға оларды сендіруге тырысып баққан болатын.

Бұған Украина президенті Володимир Зеленский: «Ресей өзі істеп алған нәрсесін бізге жабу үшін осындай қалп әңгімені әтейі таратып отыр», – деп жауап қайтарды. Ол сондықтан мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін МАГАТЭ өкілдерін өз еліне шақырды.

Ресей тарапы бұған дейін Жаңа Каховка ГЭС-не бомба қойылғаны жөніндегі мәлімдемесінде де осындай арамза қулыққа бармақ болған. Бірақ оған да ешкім сеніп отырған жоқ.

Ал «лас бомбаға» байланысты ақпарға орай АҚШ, Ұлыбритания және Франция бірлескен мәлімдеме жариялап, Ресейдің бұл дерегіне сенбейтіндерін ашып айтты. Мұндай тойтарысты НАТО да берді.

Шамасы, Ресей сол «лас бомбаны» өзі жасап, жарып жіберіп, жаласын Украинаға жапқысы келіп отырған сияқты.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button