Зеленский Британияның жаңа премьері Сунакты Украинаға шақырды
КИЕВ. 26 қазан. Украина президенті Володимир Зеленский Британияның жаңа премьер-министрі Риши Сунакпен сөйлесіп, оны Украинаға шақырды. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Сейсенбі күні телефон арқылы сөйлескен сөзінде Зеленский Даунинг-стриттің жаңа қожайынына украин жеріндегі жағдайды өз көзімен көріп қайтуды ұсынды. Осы әңгіменің мазмұнын ол өзінің сол күнгі кештегі видеоүндеуінде халыққа жеткізді.
«Біздің мемлекеттеріміз арасындағы әріптестіктің жалғасатынына, бұған дейін қалыптасып қалған британдық дәстүрлі демократияны қорғау үрдісінің тереңдей түсетініне сенімдімін. Премьер-министр мырзаны Украинаға келіп кетуге шақырдым», – деді Зеленский.
Сунак бұдан бұрын, Британия премьер-министрінің орынтағына бекітілер алдында сөйлеген сөзінде Украина мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестікті жалғастыруға дайын екенін мәлімдеген болатын.
Хабарламаға қарағанда, Сунак өзінің Зеленскиймен арадағы әңгімесі барысында Украинаның Ұлыбритания тарапынан алатын көмегі бұрынғысынша болып қала беретінін, ештеңе өзгермейтінін айтып сендірген.