Путин Украинаға тағы екі қосымша бағытта шабуылдауды ұсынып отыр
МӘСКЕУ. 18 қазан. РФ президенті Владимир Путин кеше Ресей әскери және күштік блоктар басшыларымен өткен кеңесте украин жеріне тағы екі бағытта шабуыл жасауды ұсынды. Бұл туралы «Генерал СВР» телеграмм-каналы хабарлады.
Кеңесте Украинаға жасалып жатқан басқыншылық соғысқа қатысты бірнеше мәселе талқыланды. Кремль басшысы онда енді Беларусь жағынан – Киев, Белгород жағынан Харьков бағыттарына қосымша шабуыл ұйымдастыру керек екенін айтып, ежіктеп тұрып алды. Сөйтіп, бұрынғы Луганск, Донецк, Херсон және Запорожье бағыттарына қосымша тағы екі майданды қосуды талап етті.
Бірақ генералдар мұндай қадамға барудың өте өрескел қателіктерге апарып ұрындыруы мүмкін екенін айтып, өз көсемдерін алған бетінен қайтаруға тырысып баққан.
Паблик атап көрсеткендей, Путиннің пікірінше, РФ-да жүргізілген мобилизация арқылы жинап алынған бес жүз мың адам бұрыннан бар және осы екі қосымша бағыттардағы тесіктер орнын толтыруға толығымен жетеді. Бұдан басқа, мынадай жағдайда Батыс елдері Украинаны қажетті қару-жарақпен қамтамасыз етіп үлгере алмайды, украин басшылығы ана бағыттардағы әскерлерінің бір бөлігін осыларға қарай тартуға мәжбүр болады.
«Генерал СВР» Кремль басшысының қару-жарақтардың қалғандары мен соңғы ракеталарды осы бағыттарға пайдаланып, майданда бетбұрыс жасағысы келетінін, сөйтіп, қазір ва-банкке баруға дайын екенін жазады. Ал бас штаб басшылығы мен қорғаныс министрлігінің өкілдері аталған сценарий дұрыс жүзеге аспай қалған жағдайда алдағы жылдың наурыз айында Ресей армиясының ататын ештеңесі қалмайтынын алға тартып, Путинді бетінен қайтармақшы болған.
«Бұл жағдайда жеңіліс жаппай болады, орасан зор құрбандықтарға ұшырап, территориялардың көп бөлігін бақылау мүмкіндігінен айырылып қаламыз», – десті генералдар.
«Путин ядролық қару қолданған жағдайда АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Еуроодақ елдерінің, Қытай мен Үндістанның жедел жауап қайтарулары іс жүзінде Ресейдің сөзсіз ыдырап, бірнеше бөлшекке бөлініп кетуіне апарып соқтырады», – делінген паблик хабарламасында.