Украин армиясы Херсон облысында біраз елді мекенді жаудан тазартты
КИЕВ. 4 қазан. Бүгін Украина Қарулы күштері Херсон облысының түстігінде бірнеше елді мекенді оккупанттардан азат етті. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Әлеуметтік желіде украин қорғаушылары облыстың Давыдов Брод, Староселье, Архангельский, Великая Александровка деп аталатын селоларының басқыншылардан босатылғандарын жазды.
Контр-адмирал Михаил Остроградский атындағы 35-ші жеке теңіз жаяу әскері бригадасы бүгін Давыдов Бродтан жауды қуып шықты. Сонымен бір мезгілде жоғарыда аталған елді мекендерге де Украина жалауы ілінді.
Украина әскерлері Херсон төңірегін босатуды 2 қазанда бастады. Сол күні Архангельский және Миролюбовка деген екі село азат етілді.
Украина Қарулы күштері Донецк және Луганск облыстарында да табысты ұрыс қимылдарын жүргізіп жатыр.
«Біздің әскерлеріміз Лиманнан кейін бір жерге табан тіреп, тоқтай алмай, қашып келеді, – деді ресейлік лаңкес Стрелков-Гиркин. – Олар бұл жердегі кең алқапты ормандардан да сая таба алар емес. Енді мобилизациямен келе жатқан жауынгерлер жеткенше Украинаның шегінен шығып кетпесек болар еді».
Осы аралықта АҚШ-тың Украинаға қару-жарақтың жаңа түрлерін жеткізіп бергелі тұрғаны белгілі болып қалды.