Украиндар тәулікте ресейлік 500 оккупантты жер жастандырды
КИЕВ. 27 қыркүйек. Украина Қарулы күштері кеше ресейлік оккупанттардың үш ПВО-сын жойып, 500-ден аса сарбаздарын оқ ұшында ұшырды. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Өткен тәулікте басқыншылардың бұлардан басқа, бір ұшағы мен бір РЗСО-сы, сондай-ақ 16 танкісі отқа оранып, 550-ге жуық адамының жаны жаһаннамға, яғни тозаққа жөнелтілген.
Бас штабтың мәліметі бойынша, жау Краматорск және Донецк бағыттарында көбірек шығынға ұшыраған. Жер жастанғандар қатарында «ішінара» мобилизация тәртібімен жедел майдан даласына жіберілген жаңа «сарбаздар» да бар көрінеді. Олардың денелері Қырымға әкетілген.
Орыс оккупанттары 26 қыркүйек күні кешке Одесса облысына иран дрон-камикадзелерімен шабуыл жасаған, бірақ украин қорғаушылары олардың бәрін атып түсірген.
Украина Қарулы күштері өткен сөткеде жаудың Луганск облысы жеріндегі Соледар, Курдюмовка, Зайцево, Майорск, Бахмут, Каменка, Первомайское елді мекендері аудандарындағы шабуылдарын қайтарған. Бірақ басқыншылар облысты жаппай атқылауды тоқтатпай тұр.
Британия барлауы РФ президенті Владимир Путин 30 қыркүйек күні Ресей парламентінің екі палатасы алдында сөйлейтін сөзінде Ресей армиясының украин жеріндегі басып алған аумақтарын аннексиялайды, яғни өзінің меншігі деп жариялайды деген болжам ұсынып отыр. Ресей шамамен 1 қазаннан бастап бұл аумақтарды аннексиялауы мүмкін. Осыдан бастап сол өңірлерде тұратын украин азаматтарын мәжбүрлі түрде мобилизациялайды.
Ресей билігі осы кезде Қырым деп аталатын жаңа федералды округ құрмақшы көрінеді. «Ведомости» газетінің жазуынша, Кремль оның құрамына Қырымның өзінен басқа, Запорожье, Херсон, Луганск және Донецк облыстарын кіргізеді.
Жаңа округтің құрылғаны аталған облыстардың Ресей құрамына кіруі туралы псевдореферендумнің қорытындысы бойынша жасалады. Бірақ әзірге әлемнің бірде-бір елі оның қорытындысын мойындап отырған жоқ.
Басылымның мәліметіне бойынша, жаңа округті шілде айында «Роскосмостан» қуылған Дмитрий Рогозин басқаруға тиіс.