Соғыста жеңіле бастаған Путин ішінара мобилизация жариялады
МӘСКЕУ. 21 қыркүйек. Украинамен соғыста РФ армиясының жеңіліске ұшырай бастағанын мойындаған Путин ішінара мобилизация жариялады. Бұл туралы РИА «Новости» хабарлады.
Ресей президенті Владимир Путин өзінің бұл шешімін кеше кешке жасаған ресейліктерге үндеуінде мәлімдеді.
«Ресейліктерді, олардың егемендігі мен тұтастығын қорғау үшін ішінара мобилизация жүргізу жөніндегі ұсынысты қолдау керек деп есептеймін», – деп соқты Ресей көсемі.
Ол осыған байланысты жарлыққа бүгін таңертең қол қойды. «Шақырылым запастағы азаматтарды ғана қамтитын болады, олар Украинадағы соғысты ескеру керектігінен қосымша дайындықтан өткізіледі», – делінген хабарламада.
Мобилизация бүгін, 21 қыркүйектен басталды.
Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу мобилизацияға 300 мың резервшілер тартылатынын баяндады.
«Түйісу сызығының өзі, – оны майдан желісі десе де болады, – 1000 шақырымнан асаады. Әлбетте, бұл сызықты алдынан да, артынан да нығайтып, территорияны бақылауда ұстап тұру керек. Әрине, жұмыс, – мен ішінара мобилизация туралы айтып отырмын, – бірінші кезекте осы үшін жасалып жатыр», – деп көйітті ол.
Шойгу сонымен бірге Украинаның осы кезге «жарты армиясынан» айырылғанын айтты. Оның есебінше, Ресейден небәрі 5 937 адам ғана опат болыпты.
Ал Украина бас штабы сәрсенбі күні 24 ақпаннан бері 55 110 ресейлік әскеридің жер жастанғанын хабарлады.
Қазақстан жұртшылығы Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін оны соғысқа қатысудан қашқан азаматтары біздің елімізге қарай ағылып келеді деген қауіп білдіріп жатыр. Сондықтан екі ел арасындағы мемлекеттік шекараны уақытша жауып тастауды ұсынушылар да көп.