Украина әскерлері Луганск мен Донецк шептері үшін соғысып жатыр
КИЕВ. 16 қыркүйек. Қарсы шабуылға шыққан Украина Қарулы күштері ұрыс қимылдарын Луганск және Донецк облыстары аумағында жүргізіп жатыр. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Луганск облысы Украинаның оңтүстік-шығыстағы ең ақырғы шебі болмақ. Оның арғы жағында – Ресейдің Ростов облысы.
Украина президенті офисі басшысының кеңесшісі Михайло Подоляк Украина территориясын осы кездері Ресей оккупанттарынан толық босату үшін өз әскерлеріне Әуе қорғанысына қарсы жүйелер керек екенін мәлімдеді.
«Біріншіден, маңызды инфрақұрылымдар нысандарын ПВО жүйесімен қорғай білу қажет. Себебі, Ресей енді тек азаматтық нысандарға ғана соққы жасайтын болады, ол әскери құрылымдарға тісі батпайтынын біледі. Екіншіден, Луганск мен Донецкіні азат ету домино ойынының әсерін береді, бұлар алынса, ru-фронт, яғни орыс майданы күйрейді, бұл РФ-да саяси тұрақсыздықтың пайда болуына апарып соқтырады, Ресей бұдан кейін қайтып қуатты майдан шебін құра алмайды. Бұл – шындық», – деді Подоляк.
Бұған дейін Балаклеяны басып алған 202-шы полк Луганск қаласына қашып кірді, оның жауынгерлерінің жартысы украин әскерлеріне тұтқынға түсті.
Жаудан босатылған Изюмде 500-ге жуық адамның молалары табылды. Олардың бәрі 3 наурыздан бері осы жерді басып алған ресейлік басқыншылардың қолдарынан қаза тапқан. Араларында 20 әскери қызметкердің қолдары байланып қойылып өлтірілгені анықталды.
Ресей осы кезге дейін Украинада орасан зор адам күші мен қару-жарақ жоғалтты. Қаза тапқан солдаттар саны 50 мың адамнан асады, ал техника саны бұрын болжанып келгеннен де көп мөлшерде талқандалып жоқ болып кеткен. Германия қорғаныс министрі Кристиана Ламбрехт Reuters-ге берген сұхбатында солай деді.
Бүгін Украина армиясы Ресейдің Белгород облысының территориясын да алыстан атқылады.