Украина күшті шабуылға көшті. Кремль естен танып отыр
КИЕВ. 10 қыркүйек. Украина Қарулы күштерінің соңғы үш күннен бергі қауырт шабуылдары Ресей басшылығы үшін мүлде күтпеген жағдай болып жатыр. Бұл туралы УНИАН хабарлады.
Украина президенті офисі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк Кремльдің Украина Қарулы күштерінің ұрыс даласында қауырт қарсы шабуылға шыққанына қарамастан, Киевтің позициясы бойынша келіссөз жүргізуге әлі дайын емес екенін мәлімдеді. Мұны ол НВ эфирінде айтты.
Подоляктың айтуынша, «Кремль – өте оқшау орта», ондағылардың арасында Путинмен бетпе-бет кездесе алатындар өте сирек, оның шеңбері тым шектеулі.
«Өкінішке қарай, Ресей – адекватты ел емес, оларда анализ деген жоқ. Мен Путин жалпы ұрыс алаңдарында не болып жатқанын да түсінбейді ғой деп есептеймін. Белгілі бір мәліметтері бар, бірақ тұтас алғанда, не болып жатқанын түсінбейді… Олар (ресейліктер) естен танып отыр, бірақ әлі де Украинаны күйретуге, біздің қалаларымызға жасалатын осы берекесіз шабуылдарды жалғастыруға болады деп есептейді. Мұны олар осылай көріп отыр», – деп атап өтті ол.
Подоляк қоғамның соғыс қалай аяқталатынын қазір айқын көріп-біле бастағанын сөз етті. Ол Украинаның Ресей оккупанттарын өз елінің территориясынан қуып шығып, халықаралық қауымдастықтың қолдауына ие болатынына енді халықтың күмәні жоқ екенін айтты.
Украина Қарулы күштері Луганск, Харьков және Херсон бағыттарында жаппай шабуылға шықты. 8 қыркүйекте УҚК президентке Харьков облысындағы Балаклеяны азат еткенін баяндады. Ал 10 қыркүйек күні таңертең Купянскінің жаудан босатылғаны жайлы ақпар тарады.
Аналитиктердің пікірлерінше, украин әскерлері қазір жаудың Изюмдегі күштерін қоршауға алуға қауіп туғызып жатыр. Британ барлаушылары өз кезегінде УҚК-ның Харьков түбіндегі жойқын жорықтары ресейліктер үшін күтпеген нәрсе болғанын алға тартып отыр.
АҚШ 9 қыркүйек күні кешке Украина Қарулы күштерінің Херсон маңындағы шайқастарын бірінші рет «қарсы шабуыл» деп атады. Пентагонның басшысы Ллойд Остин бұл шабуылдарды «жігерлендіруші қадам» деп атады. Ал АҚШ штаб басшылары біріккен комитетінің басшысы Марк Милли одан «тұрақты прогресті» көруге болатынын айтты.
Украина әскерлері соғыс басталғалы 52 150 оккупанттың жандары жаһаннамға жіберді.