Украин боксшысы Усик англиялық Джошуаны екінші рет ұтты
ДЖИДДА. 21 тамыз. Тамыздың 21-іне қараған түні украинның кәсіпқой боксшысы Олександр Усик британиялық Энтони Джошуаны ұтып, атағын сақтап қалды. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Шайқас Сауд Арабиясының Джидда қаласында өтті.
Осы жеңісі арқылы Усик өзінің аса ауыр салмақтағы WBA, WBO, IBF және IBO версиялары бойынша әлем чемпионы атағын сақтап қалды.
Хабарланғандай, жеңімпазды анықтау үшін төрешілер 12 раундтық жекпе-жек нәтижелеріне жүгінді. Қарсыластар ұрыс барысында бір-бірінен айқын басым бола алған жоқ. Олар бір-бірін нокдаунға да жібермеді. Сондықтан арбитрлардың пікірлері бөлініп шықты, ол бойынша Олександр Усиктің ұтқаны айқындалды.
Еске сала кетейік, бүгінгі бәсекелестер бұдан бір жылға жуық уақыт бұрын алғаш рет чемпиондық атақ үшін таласқан еді. Онда, 2021 жылғы 26 қыркүйек күні түнде Усик Лондонда Джошуаны ұтып, жоғарыда аталған атақтың бәрін одан тартып алған болатын. Сондықтан бұл жолғы айқыс матч-реванш болып табылады.
Жеңімпазды Украина президенті Володимир Зеленский сол бойда жеңісімен құттықтады. Ол өзінің Facebook-те жазған құттықтауында: «Олександр Усиктің жеңісі қиын, бірақ соншалықты маңызды және қажетті жеңіс болды. Әлем чемпионы атағын қорғау – казак тегінің өзіне тиесілі нәрсені ешкімге бермейтінінің, сол үшін қайтпай шайқасатынын және онда жеңіп шығатынын танытқан нышан болды», – деп жазды.
Біздің анықтама:
Олександр Усик 1987 жылы 17 қаңтарда Украинаның Симферополь қаласында туған. Бокстан әуесқойлар арасында 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы (91 кг-ге дейінгі салмақта), әлемнің 2011 жылғы чемпионы, 2009 жылғы қола жүлдегері, Еуропаның 2008 жылғы чемпионы, 2006 жылғы қола жүлдегері.
Энтони Джошуа 1989 жылы 16 қазанда Англияның Уотфорд қаласында туған. Бокстан әуесқойлар арасында 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы (91 кг-ден ауыр салмақта), әлемнің 2011 жылғы күміс жүлдегері.
Осы Энтони Джошуа Лондон Олимпиялық ойындарының жартылай финалында қазақстандық Иван Дычконы 13:11 есебімен ұтқан.