Зеленский: РФ украин жерінен кетпей, келіссөз жүргізілмейді
КИЕВ. 19 тамыз. Украина президенті Володимир Зеленский РФ басқыншылары украинның басып алған жерлерінен кетпей, Путинмен ешқандай да келіссөз жүруі мүмкін емес екенін баяндады. Бұл The Moskow Times хабарлады.
Мұны украин лидері кеше Львовта БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттеришпен, Түркия басшысы Реджеп Ердоғанмен кездесуі барысында мәлімдеді. «РФ оккупанттары өздері басып алған украин жерлерінен кетпей, келіссөз турасында сөз қозғаудың өзі мүмкін емес», – деп кесіп айтты ол.
Ресей тарапы, дәлірегі, оның басшысы Владимир Путин біраздан бері Украина президентімен келіссөз үстеліне отырғысы келетінін ишара етіп білдіріп келеді, оған өзге елдің лидерлерін де салып көрді. Мысалы, 5 тамызда Сочиде Ердоғанмен кездесуі кезінде осындай ниеті бар екенін білдірді. Ол Ресей, Түркия және Украина арасында үшжақты келіссөз өтуіне де келісетінін жеткізді.
Осы пиғылды Львовта Түркия президенті жеткізді. Бірақ Зеленский өзінің осыған дейін позициясынан айнымайтынын тағы да ашып айтты. «Ресей әскерлері Украина территориясынан кетпей тұрған кезде Ресеймен келіссөз жүргізілуі мүмкін емес, Ердоған мырза», – деді ол.
Зеленскийдің айтуынша, Ресей президентіне сенуге болмайды, ол өзінің сөзінде тұрмайтын, аяқ астынан аунап кете беретін аумалы-төкпелі, сенімсіз адам. Расында да 21 ақпан күні ғана Украинаға шабуыл жасау жоспарларында жоқ екенін бүкіл әлемге ресми түрде қайта-қайта мәлімдеген Путин арада үш күн өткеннен кейін қырғын соғысты бастап кеткен болатын. Одан кейін Украинамен соғыс жағдайында да мұндай өтіріктің күн сайын талайын бұрқыратып айтып келеді. Мысалы, тап солай жалған сөйлей отырып, Украинаның қаншама бейбіт халқын қырып жіберді, тұрғын үй массивтері мен қоғамдық орындарды, мектептер мен балабақшаларды тас-талқан етті.
«Олардың бейбітшілікті керек ете қалғандарына қатты таң қалып отырмын, – деді Зеленский кездесу кезінде. – Күн сайын қанатты ракеталарымен біздің қалаларымыз мен азаматтық инфрақұрылымдарымызды аяусыз атқылап отырған адамдар бейбітшілікті керек етпейді. Олай болса, олар алдымен біздің территориямызды толық босатулары тиіс. Содан кейін көреміз».
Ресей мен Украина арасындағы бітімгердің рөлін атқарып жүрген Реджеп Ердоған соғыстың қалай дегенде де келіссөз үстелінің үстінде аяқталғаны жөн болатынын мәлімдеді.