КХДР Ресейге соғыс үшін 100 мың «еріктіні» беруге әзір
ПХЕНЬЯН. 10 тамыз. Солтүстік Корея Ресейге Украинадағы соғысын жалғастыра түсу үшін 100 мың «еріктіні» жіберуге әзір тұрған көрінеді. Бұл туралы УНИАН хабарлады.
Ресей насихатшылары КХДР-дың осындай қадамға барғалы жатқанын айтып, бір-бірлерінен сүйінші сұрап жатыр.
Олардың мәлімдеуінше, Пхеньян Ресейдің Украинадағы соғысына қолдау көрсету үшін өзінің 100 мың солдатын жібермекші болып отыр-мыс. Қалай дегенде де, Ресейдің мемлекеттік телевидениесі бүгін осындай хабар таратты.
New York Post газеті атап көрсеткендей,КХДР-дың Ресейге әскери көмек көрсету жөнінде жасаған ұсынысын жедел түрде тексеріп шығудың орайы келмеген, бірақ мұны Ресей қорғаныс министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі Игорь Коротченко дереу қағып ала жөнелген.
«Солтүстік Кореяның 100 мың еріктісі келіп, жанжалға қатысу дайын екені жайлы дерек бар», – деді Коротченко Ресейдің насихатшы арналарының бірінің эфирінде.
Ресей насихатшысы солтүстіккорейлердің «контрбатареялық соғыс жүргізуде бай тәжірибесі бар» екенін мәлімдеді.
«Егер Солтүстік Корея өзінің украин фашизмімен күрес жөніндегі халықаралық міндеттемесін орындауға тілек білдірсе, бұған мүмкіндік беру керек»,. – деп тұрып соқты украин фамилиялы Коротченко ақырында.