Ресейліктерге Еуроодақ елдеріне келуге рұқсат берілмеуі мүмкін
БЕРЛИН. 10 тамыз. Еуропа одағы Ресей тұрғындарына Шенген аймағы елдеріне келуге рұқсат бермеу жөніндегі ұсынысты қарағалы жатыр. Бұл туралы The Moskow Times хабарлады.
ГФР Министрлер кабинетінің өкілі Шетффан Хебештрайт пен ГФР Сыртқы істер министрлігінің өкілі Андреа Зассе ТАСС тілшісіне осындай жауап берген.
Хебештрайттың айтуынша, Берлин ресейліктерге виза беруге тыйым салу жөніндегі ұсынысты қабылдаған, бірақ осыған қатысты пікірталас толық аяқталғанға дейін ешқандай мәлімдеме жасай алмайды. «Мен шыдамдылық танытуды сұраймын», – деді ол бұдан әрі түсіндірме беруден бас тартып.
Бұл ұсыныс тамыздың соңында Прагада өтетін сыртқы істер министрлерінің кездесуінде күн тәртібіне қойылуы мүмкін, деп баяндады Зассе. Оның айтуынша, «болжамды» тыйым тек туристерге ғана қатысты емес, сонымен бірге РФ қоғамының барлық өкілдерін түгел, соның ішінде студенттер мен оқушыларды да, ЕО елдері азаматтарының туыстарын да қамтуы ықтимал.
Шілде айының соңында Эстония сыртқы істер министрі Урмас Рейнсалу Vikerraadio радиостанциясына берген сұхбатында жаздың соңында Еуропа елдерінің сыртқы істер министрлерімен өтетін кездесуде ресейліктердің бәріне виза беруге тыйым салуды ұсынатынын ескерткен еді.
«Ресей соғыс жүргізіп жатқан кезде ресейліктердің «қалыпты өмір сүрулеріне» және турист ретінде Еуропа елдеріне келулеріне мүмкіндік беруге болмайды», – деп мәлімдеді 10 тамыз күні Финляндия премьер-министрі Санна Марин ханым мемлекеттік YLE телеарнасына берген сұхбатында.
«Еуропаны аралау – адамның құқығы емес, бұл – адамға берілген игілік», – деп жазды бүгін Эстония премьер-министрі Кая Каллас ханым Твиттердегі парақшасында.