NYT: Украина Қырымдағы аэродромға соққы бергенін мойындады
КИЕВ. 10 тамыз. Украина Қарулы күштері Қырымның Новофедоровка деген жеріндегі Ресейдің «Саки» деген аэродромын атқылаудың жауапкершілігін өз мойнына алды. Бұл туралы The Moskow Times хабарлады.
Украинның жағдайдан жақсы хабары бар жоғары лауазымды әскери шенеунігі соққының соңында өз елінің әскерилері тұрғанын айтты.
Ол мұны Ресей ұшақтарының осы авиабазадан ұшып шығып, ұдайы Украинаның оңтүстігін бомбылап жүргенімен түсіндірді. Бұған «украин өндірісінің құрылғылары пайдаланылғанын» да атап көрсетті.
«РБК-Украинаның» мәліметі бойынша, украинның снаряды Саки ауданына дейін ұшып жете алатын жалғыз қаруы – «Гром» жедел-тактикалық ракета кешені. Ол 50-280 шақырым қашықтықтағы стационарлық, яғни бір орнында тұрған нысанаға соққы беруге арналған. Сонымен бірге, бұл қашықтықты 150-500 шақырымға дейін ұзарта да алады. Ал Херсон және Николаев облыстарынан майдан шебіне дейінгі аралық шамамен 200 шақырым болады.
«Украинада снаряды Қырым түбегіне дейін жете алатын қару жоқ. Тек ұшақтар ғана мұны жасай алады. Бірақ оларды Ресей әуе шабуылына қарсы күштері оңай атып түсірер еді», – деп жазады басылым.
Украина Ішкі істер министрінің бұрынғы кеңесшісі Виктор Андрусив Новофедоровкадағы авиабазадағы жарылысты Украина Қарулы күштері өздеріне келіп түскен, 200-300 шақырым қашықтыққа дейін бара алатын қарулармен жасауы да мүмкін екенін айтып отыр.
Ресейдің Қырымдағы билігінің өкілі жарылыстың болғанын растады. Бірақ ол жөнінде асығыс шешім шығара тұрмау керек екенін мәлімдеді.
Ал Украина Қарулы күштері әзірге бұл соққыға өздерінің қатыстары бар-жоқ екенін ресми түрде жариялай қойған жоқ.
Кеше «Саки» әскериаэродромында бірнеше рет қайталанған жарылыстар сериясынан кейін Қырымға демалуға келген туристер арасында сапырылыс туғызды.
Ресей қорғаныс министрлігі авиабаза «отты әрекеттер» болмағанын айтып сендіруге тырысса да жұрттың қорқынышы сейілмеді. Ал Қырымның басшысы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің «барлық шараларын» қабылдауға уәде беріп жатты.
Бірақ «пәлелі жерден» жедел қашып бара жатқан жұртта есеп болмады.
Қырым көпірінде демде кептеліс пайда бола қалды. Көліктер нөпірі өткелге көп жетпей жатып-ақ басталды.
Қырымда жарылыстар болғаны жайлы жаңалықтар түбектің жағалауына тез арада тарап кетті.
Қырым медицина министрлігінің мәліметінше, жарылыс салдарынан бес адам зардап шеккен. Ал Аксенов бір адамның қаза тапқанын жеткізді.
Моральдық тұрғыдан алғанда, Қырымда жарылыстың орын алуы президент Владимир Путин үшін өте ауыр қабылданатын жағдай, дейді саясаттанушы Федор Крашенинников. «Ол Қырымды украиндардың қауіп-қатерінен қорғалған сенімді және алыс тыл деп есептеуші еді. Көріп тұрғанымыздай, онда адамдар демалып жүр екен, демек бұған дейін ешқандай қауіпті сезінбеген. Енді туритстер бұл жерде қалмайды, мына оқиға бүкіл Ресейді шарлайды, шын мәнінде Қырым майданмен шектес аудан ғой», – деді ол.