Ұлыбритания Украинаға миллиард фунттің әскери көмегін көрсетеді
МАДРИД. 30 маусым. Ұлыбритания өз жерінде Ресей басқыншыларына қарсы жанқиярлық шайқас өткізіп жатқан Украина армиясына тағы миллиард фунт стерлингтің көмегін көрсететінін мәлімдеді. Бұл туралы УНИАН хабарлады.
Лондон билігі Украина әскерлері Ресейдің жаяу әскерлеріне қарсы шабуылға шығу үшін қажет болатын қосымша жабдық-жарақтарды бермекші.
Премьер Борис Джонсон офисінің дерегіне сүйеніп, Bloomberg хабарлағандай, қаржы көлемінің ұлғайтылатыны НАТО-ның Мадридте бейсенбі, 30 маусым күні өткен саммитінде жария етілді.
«Ұлыбритания Украинаға Ресей басқыншылығынан қорғанудан қарсы шабуыл операцияларын өсіре түсу үшін қосымша тағы 1 миллиард фунт стерлинг бөлу арқылы әскери қолдау көрсетуді ұлғайтады», – делінген хабарламада.
Ұсынылған қаржы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін, беспилотниктер, электронды күрес жабдықтары мен басқа да құралдар сатып алуға жұмсалады.
Сондай-ақ Ұлыбританияның соғыстың басынан бері Украинаға жалпы 2,3 миллиард фунт стерлинг (2,8 миллиард доллар) көлемінде әскери жәрдем бергені атап өтілді.
УНИАН сол сияқты Канаданың да Украинаға қосымша көмек бергелі отырғанын баяндады.
Нидерланд премьер-министрі Марк Рютте Италияның болашақта Украинаға Амстердам мен Берлин арқылы гаубица секілді ауыр қару-жарақтар жіберетінін айтты.