НАТО Ресейді өзіне стратегиялық қатерлі ел деп ресми таныды
БРЮССЕЛЬ. 29 маусым. НАТО-ның жаңа стратегиялық тұжырымдамасында Ресейдің өзіне қатысты статусы өзгертіліп, ол қатерлі ел деп танылды. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Альянс осыдан бастап РФ-ны одақтастардың ең қиын және өздеріне тікелей қатер төндіретін ел деп есептейді. Ол алдағы он жылдыққа арналған тұжырымдама атап көрсетілді.
Тұжырымдама 29 маусым күні өткен НАТО лидерлерінің саммитінде қабылданды.
Сонымен бірге Альянс Ресеймен конфронтацияға баруға ұмтылмайды және Ресейге өз бетінше ешқандай қатер төндірмейді.
Тұжырымдама Альянстың Ресейді өзіне жау санайтынын немесе санамайтынын ашып айтпайды, бірақ оның тарапынан болуы мүмкін агрессияға әркез дайын тұрады. «Ешкім біздің күшімізге және одақтастардың әрбір сүйем жерін батыл түрде қорғайтынымызға, одақтастардың егемендігі мен территориялық тұтастығын қорғауға және қандай да бір агрессияға тойтарыс бере алатынымызға күмән келтірмеуі тиіс», – делінген құжатта.
Саммит кезінде Түркияның Альянсқа Швеция мен Финляндияның қабылдануына қарсылық ветосын алып тастағаны белгілі болды.
Бейсенбі күні АҚШ президенті Джо Байден Ресейдің қатеріне байланысты Американың Еуропадағы контингенті айтарлықтай күшейе түсетінін айтқан. Ал Польша жерінде НАТО-ның бір штабы орналасатын болды.
НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг Швеция мен Финляндияны бүгін-ақ қабылдауға әзір екендерін мәлімдеді.