Украина әскерлері Змеиный аралында жауды шығынға ұшыратты
КИЕВ. 21 маусым. Украина әскерилері Змеиный аралындағы Ресей оккупанттарына дәл көзделген нысаналы соққылар беріп, оларды зор шығынға ұшыратты. Бұл туралы gordonua.com хабарлады.
Қарсы шабуылға шыға бастаған Украина Қарулы күштерінің «Оңтүстік» жедел командованиесі бүгін рашистер «арал гарнизоны» деп атап жүрген әскери топқа әртүрлі күштер мен тәсілдерді қолдана отырып, дәл бағытталған ауыр соққылардың берілгенін, нәтижесінде басқыншылардың зор шығынға ұшырағанын баяндады.
Алайда, украин әскерилері бұл әскери операция әлі жалғасып жатқандықтан, ақпараттық жағынан әзірге тыныштық керек екенін атап өтті.
Қара теңіздегі, Одесса қаласына жақын маңдағы Змеиный аралын оккупанттар уақытша басып алған болатын.
Украина әскерлері арал мен оның маңында ресейліктердің әскери техникаларын, атап айтқанда, «Стрела-10» зенит-ракета кешендері мен байланыс машиналарын, «Раптор» және «Серна» типті катерлерін, сондай-ақ бір тікұшағын жойып жібергендері жайлы мәлімдеді.
Бұған дейін, 13 сәуірде Украина Қарулы күштері Ресейдің украин аралын басып алуға қатысқан «Москва» крейсерін жойып жіберген еді. Одесса облысы әскери әкімшілігі оның украинның «Нептун» ракетасының екі соққысынан кейін отқа оранғанын баяндады.
12 мамырда арал жанында РФ Қара теңіз флотының тылды қамтамасыз ететін ең жаңа кемесі – «Всеволод Бобровқа» зақым келтірді.
17 маусымда украин жауынгерлері Ресейдің бортында «Тор» атты зенит-ракета кешені бар «Василий Бех» деген буксирін талқандады. Сол күні кешке буксир суға батып кетті. Украина Қарулы күштерінің мәліметінше, оны украин артиллеристері АҚШ-тан жақында жеткізілген Harpoon ракетасымен қиратқан.
Змеиный аралының Украина үшін де, оккупанттар үшін де стратегиялық маңызы өте зор.
«Аралға егелік еткен жақ кез келген уақытта Украинаның түстігі бағытындағы азаматтық кемелердің жолын жауып тастай алады. Змеиный аралы – Украинаның территориясы, біз оны өзіміз үшін қаншалықты қиынға түскеніне қарамастан, қайтарып аламыз», – деді Украина Қорғаныс министрлігі барлау басқармасының бастығы Кирилл Буданов.