Жаңалықтар жаңғырығыЖаһан

Израиль офицері украиндардың неге басым түсіп жатқанын айтты

ТЕЛЬ-АВИВ. 20 маусым. Израиль Қарулы күштерінің офицері украин әскерлерінің Херсон жерінде жаудан ылғи басым болып жатуы құпиясын ашып айтып берді. Бұл туралы «Диалог» хабарлады.

Израиль Қарулы күштерінің офицері, соғыс сарапшысы Григорий Тамар ITON.tv телеарнасының эфирінде украин армиясының Херсон бағытында табысты ұрыс қимылдарын жасап, жауды түре қуа бастауына мүмкіндік әперіп жатқан бірнеше фактор комбинацияларын атап көрсетті.

«Украин армиясының Херсон облысында ілгері жылжуы жаяу әскерлер құрамаларының Ресей басқыншыларына тиімді қарсыласу мүмкіндігін бермейтін түнде шабуылға шығуға негізделген тактикасында жатыр», – деп жазады ол

Израиль сарапшысының айтуынша, Украина Қарулы күштері бронды танк құрамаларының қажетті саны жоқтығы жағдайындағы бірден-бір сенімді және барынша тиімді жол түнгі шабуыл болып тұр. «Тіпті олар болған күнде де, ашық алаңға шыққаннан кейін орыс авиациясы жоқ қылып жіберер еді», – деп ескертеді сосын.

Бұған қоса, Тамар Ресей армиясында Украина Қарулы күштеріне қарағанда, түнде көру жабдықтарының жоққа тән екенін алға тартады. Мұндай артықшылық украин қорғаушыларын шайқаста басым ете түседі.

Украин әскерилерінің тағы бір артықшылығы – олар ылғи орталыққа қарап ауыз ашып отыра бермей, мәселенің бәрін жергілікті жерде тез шешіп тұрады. Ал мұндай тәртіптілік басқыншыларда мүлде жоқ. Бұдан бөлек, АҚШ пен Британияның спутниктік барлау қызметінің деректерін ұдайы қолма-қол алып отырған украиндар жаудың дислокациясын алақандағыдай түгел біліп, көріп отыр.

«Украина армиясында децентрализация деңгейі өте жоғары – бригада командирлері ылғи Бас штабқа жалтақтап қарап отыра бермей, жергілікті жағдайларға қарай мәселелерді өздері шеше береді. Бұл Отанды сатқандыққа немесе билікті өзі алып кеткенге жатпайды. Мұндай жүйе бізге, израильдіктерге жақсы таныс. Бізде де тап осындай өзін өзі басқару элементтері бар», – деп мәлімдеді Григорий Тамар.

Мұның алдында Украина Қарулы күштерінің Херсон бағытында Батыстың оккупанттарға оншалықты оңай тие қоймаған жаңа қаруын қолдана бастағаны жайлы ақпар тараған еді.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button