Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Қазақстан Ұлттар лигасындағы жаңа маусымын жеңіспен бастады (видео)

АСТАНА. 3 маусым. Бүгін «Астана-Арена» стадионында Ұлттар лигасы жаңа маусымының бірінші матчында Қазақстан құрамасы Әзербайжан терме жамағатын қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Аталмыш командалар лиганың C дивизионында күш сынасады.

Матч Астана уақытымен сағат 20:00-де басталды. Ол Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетілді.

Қазақстан құрамасын жаңа бас жаттықтырушы – Магомед Адиев бастап шықты.

Құрамалар мына құрамдарда ойнады:

Қазақстан: Игорь Шацкий, Нұралы Әліп, Александр Марочкин, Елдос Ахметов (Сергей Малый, 80), Ян Вороговский, Бағдат Қайыров, Эльхан Астанов (Исламбек Қуат, 73), Аслан Дарабаев, Асхат Тағыберген, Бауыржан Байтана (Рамазан Оразов, 46), Абат Айымбетов (Артур Шушаначев, 79).

Әзербайжан: Шахрудин Магомедалиев, Ходжат Хагверди. Бахпул Мустафазаде, Бадави Гусейнов (Турал Байрамов, 79), Азер Салахлы, Максим Медведев, Эдди Сильвестре, Алексей Исаев (Анатолий  Нуриев, 68), Эмин Махмудов (Дмитрий Назаров, 79), Ренат Дадашов, Махир Эмрели (Намик Алекперов, 68).

Голдар: Абат Айымбетов (50, 61).

Ескертулер: Александр Марочкин (36), Елдос Ахметов (38), Исламбек Қуат (90+3) – Эдди Сильвестре (90+1).

Төреші: Иштван Вад II (Венгрия).

Матч қазақстандықтардың шабуылымен басталды. Біздің футболшылар салған жерден есеп ашуға ұмтылды. Бірақ қарсыластар қақпасына тікелей қауіп төндіретіндей жағдай бола қоймады.

Сосын біртіндеп теңесіп, әзербайжандар да жорыққа шыға бастады. Бұдан кейін қонақтар бірөңкей басымдық көрсетуге көшті. Мұны олардың допқа егелік ету уақытының да едәуір көп болғаны айғақтай түседі. Ал қазақстандықтар негізінен қорғаныста ойнады.

Алайда, ойынның суреті екінші таймның басынан өзгеріп сала берді. Біздің жігіттер енді батыл шабуылдарға кірісті. Нәтиже көп күттірген жоқ, кезекті жаппай жорық кезінде жартылай қорғаушы Аслан Дарабаевтан доп алған шабуылшы Абат Айымбетов айып алаңының сыртынан қатты соққы жасап, гол соқты. Оның аяғынан зырылдай ұшқан доп дарбазаның маңдайшасына тиіп, жерге түсіп, торға қарай домалап кетті. Есеп осылай 50-минутты ашылды.

Арада небәрі 11 минут өткеннен кейін Абат тағы да мергендігімен танылды. Бұл жолы айып алаңының сыртынан жартылай қорғаушы Асхат Тағыберген жіберген допты оң аяғының сыртымен іле тартып, қақпаға гүмп еткізді. Бұдан кейін меймандар таразы басын өздеріне аудару үшін әрекеттеніп бақты. Дегенмен, олардың ұрған доптары біресе қисық кетіп жатса, біресе голкипер Игорь Шацкий оңай қайтарып тұрды.

Матчтың соңына дейін Рамазан Оразов та бір гол салып еді, бірақ төрешілер оеы офсайдтан соғылды деген тұжырыммен санамай тастады.

Осылайша Қазақстан құрамасы лиганың бірінші кездесуін жеңіспен бастады. Сонымен бірге бас жаттықтырушы Магомед Адиевтің дебюттік матчы да оның өзі үшін сәтті ілгері жылжыды.

Бүгін C дивизионында тағы Словакия – Беларусь өзара ұшырасады.

Басқа топтарда Бельгия – Нидерланд, Франция – Дания және Хорватия – Австрия күш сынасады.

Енді Қазақстан құрамасы 6 маусым күні сырт алаңда Словакиямен, 10 маусымда қонақта Беларусьпен кездеседі. Ал 13 маусымда өз алаңында Словакияны қабылдайды.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button