Меркель бірінші рет жұрт алдында Украинаны қолдайтынын айтты
БЕРЛИН. 3 маусым. Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркель Ресей Украинаға 24 ақпанда басып кіргелі бері бірінші рет соғыс жөнінде пікір білдірді. Бұл туралы DW хабарлады.
Меркель сәрсенбі күні Біріккен неміс кәсіподақтарының бұрынғы басшының құрметіне өткізілген іс-шарада сөйлеген көзігде Ресейдің Украинаға басқыншылықпен басып кіруін Еуропадағы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі «терең бетбұрысты сәт» деп атады.
Ол Ресейдің Украинаға 24 ақпанда басып кіргенінен кейін бірінші рет бұл жөнінде көпшілік алдында пікір білдіріп, агрессияны айыптады.
«Мен Ресей тарапынан шабуылға ұшыраған Украинаға ынтымақтастық білдіремін және оның өзін өзі қорғау құқығына қолдау білдіремін», – деп мәлімдеді Меркель.
Айтуынша, өзі Германия мен халықаралық қауымдастықтың «Ресей тарапынан болып жатқан бұл варварлы (жабайы) агрессиялық соғысын тоқтатуға бағытталған» барлық күш жұмылдырушылық әрекеттерін қолдайды. Ол сондай-ақ Украинаның бейбіт халқы шегіп жатқан орынсыз азаптар мен Ресей армиясының зұлымдықтарын, соның ішінде Бучадағы оқиғаларды еске алып, Еуропа одағымен ынтымақтастық толқынында Украина брсқындарына қарым-қатынасты бұдан әрі жақсарта беру керектігін атап өтті.
Ангела Меркель өткен жылдың желтоқсан айында канцлер орынтағынан кеткеннен кейін іс жүзінде көпшілік алдында бірде-бір рет көрінген жоқ. Ал соғыс басталғаннан кейін екі хат-мәлімдеме дайындады. Оның біріншісінде соғысты айыптап, жаңа канцлер, социал-демократ Олаф Шольцтің осыған қатысты әрекеттеріне қолдау білдірді. Екіншісінде Украина президенті Владимир Зеленский тарапынан Меркель кабинетінің Украинаны НАТО-ға қабылдау мүмкіндігі жөніндегі позициясына байланысты сынына жауап берді. Меркель хатта өзінің бұрынғы шешімінде қалатынын мәлімдеді.