Қазір Северодонецкінің орталық бөлігінде кескілескен шайқас жүруде
КИЕВ. 3 маусым. Қазіргі сағаттарда Луганск облысындағы Северодонецк қаласының орталық бөлігінде оккупанттар мен украин әскерилері қырғын шайқасып жатыр. Бұл туралы УНИАН хабарлады.
Жау қаланың Метелкино және Белогоровски аудандарына әуеден шабуыл жасауға тырысып бақты. Бірақ шығынға ұшырағаннан кейін бұрынғы позициясына шегінуге мәжбүр болды.
Украина Қорғаныс күштерінің Бас штабы сондай-ақ Ресей басқыншыларының Северодонецк, Боровское, Устиновка және Лисичанск елді мекендеріндегі азаматтық нысандарды атқылауларын жалғастырып жатқандарын баяндады.
«Жаудың штурмдық авиациясы Мирная Долинаға жақын маңдарға әуеден соққы берді. Бұдан бөлек, Метелкино және Белогоровски аудандарына әуеден шабуыл жасауға әрекет етіп көрді. Бірақ шығынға ұшырағасын бұрынғы позициясына шегінді. Қазір Северодонецкінің орталық бөлігінде толассыз ұрыс қимылдары жүріп жатыр», – делінген хабарламада.
Әскери сарапшылар Ресей оккупанттарының Северодонецк үшін болған шайқастардан кейін Донецк облысын басып ала алатын қауқары қалатынына күмән келтіре бастады. Американың Соғысты зерттеу институты (ISW) өзінің есебінде осылай деп атап көрсетті. Институт мамандары осы мүйіске барлық күшін төгіп жатқан РФ-ның көп адам және техника шығынына ұшырағанын алға тартып отыр.
Мұны Украина Бас штабы да қолдады. Ол бүгін Ресей армиясының Донбасс төңірегінің өзінде өте көп шығынға ұшырағанына баяндады. Мысалы, соңғы күндері Ресейдің 8-ші жалпы армиясы 150-ші мотоатқыштар дивизиясының жекелеген бөлімшелері Попасная бағытында айтарлықтай көп шығынға ұшыраған. Оның жеке құрамы мен техникаларының кем дегенде 50 пайызы жойылып кеткен.
Бұған дейін АҚШ-тың Соғысты зерттеу институты (ISW) ресейліктердің Северодонецк үшін ұрыстарда өзінің шабуыл жасаушы әлеуетін жоғалтып алатынын болжап, атап көрсеткен болатын.
Украина Қарулы күштері Бас штабының мәліметі бойынша, ресейліктер 2 маусым күннің таңертеңіне дейін Украина жерінде өзінің 30 850 әскериінен айырылған.