Чемпиондар лигасы. Финал: «Ливерпуль» – «Реал» Мадрид
ПАРИЖ. 28 мамыр. Бүгін француз астанасында өтетін УЕФА Чемпиондар лигасының финалында «Ливерпуль» және «Реал» Мадрид командалары кездеседі. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Англия мен Испанияның екі үздік бұл клубтары соңғы кездері халықаралық сайыстарда, соның ішінде Чемпиондар лигасында жиі ұшырасып қалып жүр. Олар соңғы рет Лиганың 2018 жылғы ақтық сынында күш сынасты. Онда мадридтіктер 3:1 есебімен жеңіске жетіп, Кубокқа қол жеткізген еді. Ал мұның алдында, 2017 жылы командалар Чемпиондар лигасының ширек финалында шайқасқан болатын. Оның Мадридте өткен бірінші матчы да 3:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Содан кейін Ливерпульде өткен қарымта кездесуде есеп ашылған жоқ – 0:0.
Бүгінгі матч Астана уақыты бойынша сағат 01:00-де басталады. Ол Kazsport телеарнасынан көрсетіледі.
Спорт шолушыларының айтуларынша, «Реал» да, «Ливерпуль» де финалдық ойынға толық дайындықпен келіп отыр. Екі команданың да барлық негізгі ойыншылары қатарда. Сондықтан жамағаттардың бас жаттықтырушылары Карло Анчелотти («Реал» Мадрид) мен Юрген Клопп («Ливерпуль») старттық он бір ойыншының сапын ең жауынгерлік құраммен шығара алады.
Осыған орай, сарапшылар арасында командалар алаңға мынадай старттық құрамда алаңға шығады деген болжам бар:
«Ливерпуль»: Алиссон, Александр-Арнольд, Матип, Ван Дейк, Робертсон, Хендерсон, Фабиньо, Кейта, Диаз, Салах, Мане;
«Реал»: Куртуа, Карвахаль, Алаба, Милитао, Менди, Кроос, Каземиро, Модрич, Винисиус, Родриго, Бензема.
Ал матч нәтижесінің болжамына келсек, ол әр алуан.
Шолушылар осы ретте «Ливерпульдің» қатарынан 5 ойын бойы «Реалды» ұта алмай келе жатқанын еске алады. Сол себепті осы сәтсіздікті оларға бүгін үзудің реті келіп тұрғанын айтады. Бірақ бізге салсақ, тап қазір испан клубының күші де, әзірлігі де басым сияқты. Біз букмекерлік бәсте де «Реалды» негізгі уақытта ұтып шығады деген тұжырымға тіреліп отырмыз.
Суретте: Салах пен Бензема.