Ресейлік блогерлер РФ-ның жеңіліп жатқанын біліп, қатты таң қалды
МӘСКЕУ. 19 мамыр. Ресейлік блогерлер өз елдері армиясының Украинада сәтіздіктен көз аша алмай жатқанын енді ғана біліп, тіл-жақтарынан айрылып қалғандай күй кешті. Бұл туралы DonPress хабарлады.
«Ресейде блогерлер 11 мамыр күні Луганск облысындағы Северский Донец өзенінің қалқыма көпірінен өтуге әрекет жасаған РФ мотоатқыштар бригадасының айтарлықтай бөлігі қырғынға ұшырағанын енді естіп, естен танғандай кеспірге түсті», – делінген хабарламада.
Ақпаратты РФ соғысты зерттеу институты таратты.
Сарапшылар анықтағандай, осыдан кейін жүздеген мың жазылушылары бар ресейлік блогерлер өз елдері әскерилерінің біліксіздіктерін жаппай сынға алған. Оларға солдаттардың өзеннен өте алмай, қырылып қалуы сұмдық оқиға болып көрінген.
«Осы кезге дейін Ресей әскерлеріне дем беріп, оларды аспандата көтере мақтап келген әскери блогерлер енді аяқ астынан бағыттарын өзгертіп, соғыс тәжірибесінен сабақ ала алмаған Ресей қарулы күштерінің басшылығын аяусыз сын садағымен түйреді. Олар сондай-ақ Ресей насихат машинасының ұдайы армияның алдына түсіп шауып отыруы әскерилердің майданда шын мәнінде не болып жатқанын ұғынуларына кедергі келтіретінін білдірді», – деп атап өтті институт сарапшылары.
Осы тұста сарапшылар РФ билігінің Украинадағы соғысқа барып жатқандар арасында мәскеуліктер мен питерліктердің жоқ екеніне де назар аударды. Украина Қорғаныс министрінің кеңесшісі Вадим Денисенконың ойынша, Ресей билігі бұған дейінгі барлық революциялардың тап осы астаналардан басталғанын өте жақсы біледі.
«Сондықтан да олар Мәскеу мен Санкт-Петербургте билікке бағынбаушылықтың басталып кетпеуін көздеп, олардың тыныштығын алмауға тырысып бағады. Бұл қалаларға «200-ші жүк» келе бастаса, олардағы халық өздігінен тік көтеріліп кетер еді», – деп атап өтті Денисенко.